Қаймағы бұзылмаған ұлттық салт-дәстүр шалғайдағы ауыл-аймақта сақталған, деп хабарлайды «Хабар 24». Бүгінгі мерекенің де сан жылдар бойы халық жадында қалған әдет-ғұрыптары мен жөн-жоралғылары сол ағайынның төрінде орын алуда. Мерекелік демалыс күндері Үндістаннан келген екі студент жергілікті салтпен жақынырақ танысуды жөн көріпті. Ақтөбедегі медициналық университетте білім алып жүрген Ума Сайни мен Лав Кумар Наурыз күні Бештамақ ауылына сапарлап шыққан. Мансұр Есқожин, тілші: - Үндістандық қос студенттің Қазақстанға келгеніне төрт жылға таяп қалған. Осы уақыт аралығында қазақ тілін игеріп, ұлттық дәстүрмен танысып жүр. Наурыз мейрамын бұған дейін облыс орталығында тамашалапты. Биыл ауылдық жерде өтетін салтты көруге бел шешкен. Ол үшін Қыдыр баба аралаған күні Алға ауданының Бештамақ ауылына құдайы қонақ боп барды. Айтмағамбетовтер отбасында бүгін үлкен мереке. Бір жастан асқан Ханшайым бөбегінің тұсауын ырымдап, Наурыз күні кесуді жоспарлаған. Шетелдік қонақтарды да қазақтың салтымен таныстырып, дәстүр туралы баяндады. Жырақта жүрген жандарды таң қалдырған тағы бір салт – бесікке бөлеу. Ықылым заманнан қазаққа аян бұл үрдістің тұрмыс-тіршілік үшін мейлінше оңтайлы екендігіне таңдай қағуде. Себебі бөбектің тазалығы мен ұйқысының тыныштығы денсаулығына да тікелей әсер ететіндігі болашақ дәрігерлер үшін белгілі. «Қырықтың бірі – Қыдыр» деп мерекелік дастархан жайған отбасы шетелдіктерге Наурыз көже де ұсынып, жылы лебіздер айтылды. Имамадин Айтмағамбетов, Бештамақ ауылы тұрғыны: - Құдайы қонақсыздар. Құдайы қонақ деген қадірлі қонақ қазаққа. Қолындағы барын аямайды еш уақытта. Оның ішінде мына Наурыз мерекесінде. Мынау наурыз көже асылып жатыр. Ата бабамыздан келе жатқан салт-дәстүріміз. Қазақ сырттан келген қонақты құдайындай қарсы алады. Төңірекке өнерлі жанұя ретінде танымал Айтмағамбетовтер отбасы әрбір мерекені ән-күймен өткізуді дәстүрге айналдырған. Наурыз мейрамын да қазақтың күмбірлеген домбырасымен қарсы алады. Ума Сайни, студент: - Мені қазақтың қонақжайлылығы таңқалдырды. Ұстазымнан ұсыныс түскенде, ауылға барып, кез- келген үйдің табалдырығынан аттап, дастарханынан дәм татарыма сенбеген едім. Қазақстанның даласы қандай кең болса, көңілдері де сондай кең екен. Лав Кумар, студент: - Өнерлі отбасында қонақта болғаныма қуаныштымын. Наурыз күнгі салт-дәстүрлермен, қазақтың ұлттық дастарханымен жан-жақты танысудың сәті түсті. Бұл сапар менің есімде қалатындығына күмәнім жоқ. Ума Сайни мен Лав Кумар қазақи ауылға сапарларын бұдан әрі жалғастыруды жөн көріп отыр. Алдағы уақытта салт-дәстүрмен танысып қана қоймай, ұлттық өнерді тереңірек зерттеуді көздейді. Әсіресе, домбыра шертіп үйренуді жоспарлаған. Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков