Германияның белді кәсіпкерлері Астанадағы ЭКСПО көрмесіне бет түзеді. Іскер азаматтар осы сапар аясында халықаралық шараны тамашалап қана қоймай, жергілікті бизнес қауымдастықпен келелі келіссөз жүргізбек. Сондай-ақ орталық Еуропа мемлекетінен өнер шеберлері де келіп, елорда жұртына неміс халқының мәдениетін паш етеді. Берлиндегі Тегель әуежайында Қазақстанға бет алған жолаушыларды жиі кездестіруге болады. Олардың арасында инвесторлар, кәсіпкерлер, тіпті неміс парламентінің депутаттары да бар. Айтпақшы, дәл осы әуежайдан Астанаға бірер күннен кейін Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мінген ұшақ аттанады. Жалпы еліміз бұл мемлекет үшін Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктес саналады. Оның үстіне биыл Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығы аталып өтіледі. Тараптар толағай табыстарға тоқмейілсімей, сауда-экономикалық байланысты бекемдеуге мүдделі. Мәселен, неміс кәсіпкерлері Астанадағы ЭКСПО көрмесіне келіп, жергілікті бизнес қауымдастықпен келелі келіссөз жүргізбек. Құны бір миллиард еуроға жуықтайтын келісімдер жасасып, жаңа жобаларды іске қосу көзделіп отыр. Эдуард Кинсбрунер, неміс экономикасы Шығыс комитетінің Орталық Азия бойынша директоры: – Экономиканың барлық секторы бойынша келісімдер жасалады. Металл өңдеу, қуат үнемдеу сынды салаларда ілкімді істер қолға алынады. Соңғы 25 жылда Қазақстанмен қарым-қатынасымыз қарқынды дамыды. Оны әлі де арттыруға мүмкіндік мол. Сауда-саттығымыз жанданып келеді. Германиялық ғалымдар ЭКСПО көрмесіне арқау болған «Болашақ энергиясы» тақырыбының өте өзекті екендігіне келіседі. Солардың бірі – физика ғылымдарының маманы доктор Эндерс. Ол бүгінгі күнге дейін елордадағы дүниежүзілік шараны тамашалап үлгерді. «Бірақ баламалы энергетика саласын тереңірек меңгеру үшін бұл бір ғана сапар аздық етеді», – дейді ғалым. Петер-Михаэль Эндерс, саяхатшы: – Қазақстан павильоны ауқымы және ерекше үлгісі жағынан таңғалдырады. Оның әрбір қабатында жаңартылған қуат көзіне қатысты талай туындыны тамашалауға болады. ЭКСПО-да толқын арқылы энергия өндіретін суасты турбинаға және пропеллерсіз жұмыс істейтін жел диірменіне ерекше назар аудардым. Таяуда Астанаға қайта барамын. Сол арқылы жаңа инновациялық ізденістерді көбірек көргім келеді. Қазақстанға Германиядан өнер шеберлері де келеді. Астанаға алғашқылардың бірі болып, бавариялық үрмелі аспаптар оркестр әртістері мен пианистер тобы табан тірейді. Авторлары: Рауан Мыңбаев, Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский