Астанадағы Еуразия гуманитарлық институтына тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Амангелді Құсайыновтың есімі берілді, деп хабарлайды «Хабар 24». Бүгін бас қалада қоғам қайраткерін еске алуға және туғанына 80 жыл толуына арналған «Бірінші Құсайынов оқулары: «ХХІ ғасырдағы ғылым және білім: үрдістер мен перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Ресейден 200-ден астам ғалым қатысты. Бұдан бөлек, Амангелді Құсайынов жайында сыр шертетін «Азамат жолы – ар жолы» атты кітап таныстырылды. Лаура Дәуренбекова, институт доценті: - Бір ерекшелігі Құсайыновтың ол мемлекеттік қана емес, мемлекеттік емес жекеменшік оқу орнын ұйымдастырып, қалыптастырып отыр. Ол кісі жалпы жоғары білім мен білімді ұйымдастырып қана қоймай, шәкірттер тәрбиелеп, кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғатты. Оның өзі тарих ғылымына қосқан үлесі деуге болады. Ханкелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор: - Еуразия университетінің қазіргі бас ғимараты алғашқы кірпішінен соңғы шатырына Аужекеңнің бақылауымен салынды. Ол университет салынып біткенше, Аужекең басы қасында түнеді деуге болады. Оның үлкен білім ордасы болуына өзінің ар еңбегін сіңірді. Аужекең осы университетте ректор болып тұрғанда диссертациялық кеңғестер құрды. Солар біздің астанамыздың интеллектуалды әлеуетін жоғарлатты. Ол бүгінгі деңгейге жетті. Амангелді Құсайынов еңбек жолын ауылдық мектепте мұғалім болып бастап, саналы ғұмырын қазақтың ғылым-білімін дамытуға арнады. Шәкірттер тәрбиеледі. Бірнеше университеттің ректоры болды. Жоғары аттестаттау комитетіне басшылық етті. Сөйтіп, ғылым саласында бақылау жүйесін құрды. Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ Білім академиясының президенті, кейін өмірінің соңына дейін Еуразия гуманитарлық институтының ректоры қызметін атқарады. 150-ден астам ғылыми мақаланың авторы, түрік елдерінің байланысын нығайтуға да көп үлес қосқан. Энвер Капаган, филология ғылымдарының докторы, профессор /Түркия/: - Артынан бір идея жүргізу үшін басқа елдермен, әсіресе Түрік елдерінің қарым-қатынасы күшті болу керек дегенді айтты. "Ғылыми саладан бөлек басқа салалар да болу керек", – деді.