Түрлі қалдықтар мен қоқыстар жер бетін ғана емес, ғаламшарды да, әуені де басып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Ғалымдар енді осылай деп дабыл қағып отыр. Оны байқау үшін тіпті арнайы құрылғының да қажеті жоқ. «Түнгі аспанда жұлдыздардың көрінбей кетуі де осының айқын дәлелі», - дейді ғалымдар. Планета тұрғындарының 83%-і түнде жұлдыздардың көрінбей кеткенін айтып жатыр. Ғалымдар бұны атмосфераның жарықпен ластануы жоғары деңгейге жетті деп түсіндіруде. Бұрын бұл проблеманың себебін көшелер мен зәулім ғимараттардың жарығынан ғана көретін еді. Қазір орбиталық сәулелер қосылды. Блиц 1: - Аспаннан жұлдыз көрмегелі көп болды. Блиц 2: - Қалада аспаннан жұлдыз көру мүмкін емес. Орбиталық сәулелер қайдан шығады?! Әрине, ғарыштағы жасанды жер серіктері мен одан қалған қалдықтардан. Бұл туралы жуырда немістің Süddeutsche Zeitung газеті жазды. Ғарыштағы қоқыстар мен істен шыққан жасанды жер серіктері аспанды жарықтандырып қана қоймай, Жер планетасына жақындап келе жатқан аспан денелерін бақылауға кедергі келтіреді. Белгілі астроном Андрей Солодовник осылай дейді. Андрей Солодовник, астроном: - Бұл жер жаһанға ортақ астрономиялық проблема. Әсіресе, Солтүстік Америка, Еуропа, Қытай үшін өзекті. Соңғы аталған елде тек Тибетте жұлдыздар анық көрінеді. Антарктида міне, түнгі аспанды тамашалайтын керемет жер. Ғарыштағы қалдықтардың көлемі әртүрлі, оңтүстіккореялық ғалымдардың айтуынша, қазіргі уақытта диаметрі 10 см-ден асатын 34 мың бірлік қоқыс бар. Былтыр елде орбитаны тазарту бойынша түрлі ұсыныстар айтылған болатын. Ким Хе Донг, Корея Аэроғарыштық зерттеулер институты дирекциясының бас ғылыми қызметкері: - Бес негізгі тәсілі бар. Мысалы, жасанды Жер серігін қолдану уақыты аяқталған соң, оның биіктігін төмендету керек. Немесе биікте ұшатын аппараттарды керісінше, қашықтыққа жіберу керек. Орбита аясынан шыққан кезде құрылғылар қара тұңғиыққа кетеді. Жаңа жасанды жер серігі үшін де орын босайды. Ұшу аппараттарын жобалау кезінде олардың істен шығу ықтималдылығы мейлінше төмен болуын қадағалаймыз. Кері жағдайда аспан қоқысқа тола береді. Жер бетіндегі экомәселе қордалана беретінге ұқсайды. Өйткені алпауыт елдердің көкке ұшырған аппараттары бір-бірімен соқтығысып, жаңа қауіпті элементтердің пайда болуына әкеледі. Осыған байланысты кореялықтар орбитадағы қалдықты жинайтын жасанды жер серігін құрастыруды қолға алды. Блогер Виталий Егоровтың айтуынша, әуе кеңістігін тазартудың басқа да амалдары бар. Кейбір ғалымдар аспанда қалықтап жүрген қалдықтарды тормен немесе желім көмегімен жинауды ұсынуда. Виталий Егоров, блогер: - Мәселе орбитадағы артық нысандардан құтылу тәсілінде ғана емес. Жаңа қоқыстардың пайда болуына жол бермеу керек. Егер белгілі бір мемлекет жасанды Жер серігін 25 жылдан астам уақыт бойы қолдануды жоспарласа, онда қолдану мерзімі аяқталған соң аппаратты орбитадан шығару жағын да алдын ала ойластыруы қажет. Астрономдардың айтуынша, түнгі аспанда жұлдыздарды анық көру үшін мегаполистен 30-40 шақырым қашықтыққа шығу керек. Авторлары: Мирлан Алтынбек, Марк Брюшко, Дана Нұржан, Владислав Цой, Асхат Қарақойшиев, Ерзат Заитхан