Елімізде қос палаталы Парламенттің құрылғанына – 25 жыл. Осы мерейлі дата және Тәуелсіздік күніне орай сенаторлар кеңесінің отырысы өтті. Жиынға жоғары палатаның бұрынғы депутаттары да қатысты. Кеңес мүшелері заң шығарушы органның тәуелсіздікті нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтіп, Тұңғыш Президенттің бастамаларын жүзеге асыруда экс-депутаттардың атқарған еңбегі бағаланды. Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының жаңғырту жөніндегі бағдарын заңнамалық қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар туралы айтты. Өңірлерді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселелеріне тоқталды. Сенат спикері кеңес мүшелерін 1Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерейтойлық медалі және Алғыс хатпен марапаттады. Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы: – Қазіргі таңда біз Сенат депутаттары дайындаған 18 заң жобасы бойынша жұмыс жүргізудеміз. Оның ішінде заңнамаға жайылымдық жерлерді пайдалану және органикалық өнімдер бойынша түзету енгізу туралы заң жобалары бар. Сенаторлар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған заң жобасын, ғылым және басқа да бағыттар бойынша маңызды заңдарға түзетулер әзірлеу үстінде. Біз осы заң жобаларын дайындау және талқылау аясында сындарлы ұсыныстар мен идеялар үшін әрқашан ашықпыз. Сенаторлар кеңесімен белсенді бірлескен жұмысқа да дайынбыз.