Алматыға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының аймақтық директоры Ханс Клюге келді, деп хабарлайды «Хабар 24». Іссапар үш күнге жоспарланған. Осы уақыт ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросымен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелері кеңінен талқыланбақ. Сондай-ақ Клюге еліміздегі алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарымен де жақынырақ танысуды көздейді. Алдымен Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттерімен кездескен Ханс Клюге түстен кейін еліміздің Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жиын өткізді. Дөңгелек үстел басында 2016 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақстан бірлесіп құрған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек орталығының жұмысын қорытындылады. Ертең Ханс Клюге Есік қаласындағы медицина орталығына баруды жоспарлап отыр. Ханс Клюге, ДДСҰ Еуропалық бюросының аймақтық директоры: - Қазақстанға келуімнің екі мақсаты бар. Біріншісі, министр ханыммен келесі екі жылдың жоспарына байланысты құжатқа қол қоямыз. Екінші ертең ТМД елдерінің парламентаралық ассемблеясының жиналысына қатысып, «Денсаулық барлығы үшін» деген тақырыпта баяндама жасаймын. Сондай-ақ ертең Еңбекшіқазақ ауданындағы халықаралық демонстрациялық алаңның ашылуына қатысамын. Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі: - ДДСҰ-ның демонстрациялық алаңы дегеніміз, дүние жүзінде қай жерде, медицина саласында ең озық, ең жақсы тәжірибе бар, соны сол елге демонстрациялық көрме алаңы жасап, барлық дүние жүзіне паш етеді. Яғни осы ең жақсы үздік тәжірибені ел-елдерге көрсетіп, бөліседі. Сондай алаң бірінші рет осы Еуропалық өңірде біздің елімізде ұйымдастырылып жатыр.