Шығыс Қазақстанда жаңа жыл мерекесі қарсаңында шыршаны заңсыз кесу жиілеп кетті, деп хабарлайды Хабар 24. Кейінгі он күнде 25 құқық бұзу дерегі тіркеліпті. Жалпы айыппұл көлемі 325 мыңнан асқан. Өңірде қазір 37 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Дегенмен соған қарамастан орманды Алтай, Бесқарағай аудандары мен Өскемен қаласының маңынан жасыл желекті отайтындар азаймай тұр. Полиция мен орманшылар және жергілікті әкімдік өкілдерінен құралған топ жұмысы – желтоқсанның соңына дейін жалғасады. Мамандар жасыл желекті рұқсатсыз кескендерге 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатынын ескертіп отыр. Аслан Мұхаметрахимов, ШҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау бөлімінің бастығы: – Жаңа жыл қарсаңында көп адамдар білмей де қалуы мүмкін, жаңа жылды күту үшін балаларына қызық болсын деп кесіп алады. Кескен соң ол қайта егілмейді ғой, сол үшін табиғатқа залал келтіріліп жатыр.Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 381 бабы бар, сол бойынша жауапкершілікке тартылады.