Өңірдегі Қызылқоға ауданында мал ауруы өршіп кетті. Қазір инфекцияға шалдыққан түлік саны 700-ден асып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Төрт ауыл карантинге жабылды. Сағыз ауылынан басталған вирусты диарея 10 күн ішінде көрші ауылдарға да тараған. Ауру алдымен Сағыз ауылынан басталды. Сиыр мен қой жайылудан қалған. Ірі қараның аузынан су ағып, арықтап кеткен. Алтынай Тұржанованың да қорасындағы 3 бас сиыры осылай ауырған. Дереу мал дәрігерін шақырып, емдеуге кірісіпті. Алтынай Тіржанова, Сағыз ауылының тұрғыны: – Бірінші мына үлкен сиыр ауырды. Ауырғанда екі күн шамалы жеп, аузынан су ағып, сөйтті. Сосын қорқып кетіп, дәрігер шақырып, укол салдырып, қара тұз беріп, маргонцовкамен аузын шайып, отбасымызды асырап отырған малымыз ғой. Ауырып қалса, дәрігер шақырып, екпе ектіріп, сөйтеміз. Ауырған бойда егеміз. Бүгінде 600-ден астам ауру ошағына дезинфекция жүргізілген. Әзірге ауданнан мал шығаруға, сойып-сатуға тыйым салынды. Ал мамандар жағдайдың тұрақталғанын айтады. Десе де, қазір қайта егу жұмыстары басталған. Клара Сәрсенбаева, мал дәрігері: – Сынама алдық, астанаға жібердік, қанын алдық, сынамалар алдық. Нұр-Сұлтан қаласынан шешімі келді. Инфекциялық ринатрахеит, вирустық диарея деген диагноз қойылды. Содан бастап жұмыс жасадық, ектік. Шектеу аймағында тұрмыз. Жан-жаққа, ешқайда мал шығарып жатқанымыз жоқ. Малды алуға, тасымалдауға, сатуға ешкімге анықтама бергеніміз жоқ. Сағыз ауылынан тараған вирус 10 шақты күн ішінде көршілес жатқан ауылдарға да жеткен. Мұқыр, Жангелдин ауылдарында да қазір ауру мал көп. Оларға да вакцина салу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы 20 мыңға жуық аша тұяқтыға да екпе салынған. Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин