Мектепте жиһаз да, ойын баласы да көп болған соң дүние сынбай тұрмайды. Бірақ бұл істі Батыр ауылының оқушылары ұстазымен бірігіп өздері-ақ оңдап алады. Бар дүниені жөндеп қана қоймайды, өздері жаңағы жиһаз, кітап сөрелері, гүл қоятын ілгектердің неше атасын жасайды. Тастан да талай дүние қашап, түрлі мүсіндер орнатты. 37 жастағы Мейірім Жанұзақов 22 жылдан бері ұсталықпен айналысып келеді. Ағаштан түрлі бұйым жасап, темірден түйін түйеді. Бұл өнерді әкесінен үйренген. Технология пәнінің мұғалімі мектепте шағын шеберхана ашып, өз қолтаңбасын қалдыруды жөн санапты. МЕЙІРІМ ЖАНҰЗАҚОВ, ШЕБЕР: - Жігітке 7 өнер аз, 70 өнер кем болмайды дейді. Мектепке келгендегі мақсатым – артымыздағы қазақтың қара баласына жоқ нәрседен бар нәрсе жасап үйретіп, кәсіпкер болсын, өз күшімен жұмыс жасап, жетістікке жетсе екен деймін. Диван, шкафтар жасаймыз, дизайнерлік жұмыстарымыз бар. Педагог шағын шеберханасында ағаштан жиһаздар, кітап сөрелерін, темірден гүл қойғыш, стэндттер жасайды. Әр туындысы мектептің сәнін келтіріп тұр. Сондай-ақ, ол жөндеу жұмысына да епті. Сынған парталар мен үстелдерді жөндейді. Әріптестері оның шеберлігін жоғары бағалап отыр. ҚҰРАЛБЕК ЖАҢАБАЕВ, МҰҒАЛІМ: - Сүйекті сөйлетіп, тасты қашап, темірден түйін түйетін сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ізденісі көп. Артынан шәкірттері еріп, технология пәні десе, балаларымыз қуанып келеді. Осындай дүние көреміз, үйренейік, білейік деп. Мейірім Жанұзақов педагог, шебер болуымен қатар басқа салаларды да меңгерген. Кондитерлік тәттілер пісіріп, түрлі тағамдар дайындайтын кәсіби аспаз. Сондай-ақ мұнайшы болып еңбек еткен. Алдағы уақытта зергерлікпен кәсіби түрде айналысуды жоспарлап отыр. Әйгерім Ашықбаева, Саламат Каипов