«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің көрнекі алаңына айналған Жасыл технология орталығы алдағы 3 ай бойы елорда тұрғындары мен қонақтарын қабылдайды. Сөйтіп табиғат аясындағы шатырлы қалашық әр апта сайын 200 адамнан бастап барлығы 2,5 мыңға жуық мейман күтуді жоспарлап отыр. Жазғы лагерьде көңіл көтеріп қана қоймай, уақытты пайдалы өткізіп, түрлі жасыл технологиялармен танысуға болады. Арнасай ауылында ашылған EXPO-Camp лагеріне келген жастар осыған қуанып жүр. Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Жасыл технологиялар орталығында жас өнертапқыштар келушілерді түрлі жобаларымен таныстырды. EXPO-Camp шатырлы лагерінің ашылуы рәсіміне қатысқан халық қалаулылары, отандық кәсіпкерлер мен Маңғыстау облысынан келген меймандар өнертапқыш жастардың әр саладағы тың жобаларын көрді. Оның ішінде қолөнер, экодизайн, экотағам, жылыжайлар, дендеген дерттің емін табу үшін жәндіктерге тәжірибе жасау, смарт-киіз үйлер, күн сәулесінен қуат алатын панельдер, шағын құлтемірлер, қоршаған ортану тазарту, қатты қалдықтарды қайта өңдеу және тамшылап суару технологиялары бар. Шара аясында «ЭКСПО-2017» саябағының да тұсаукесері өтті. Саябақты көркейтуге қатысқан жастар алған әсерімен бөлісті. Асылжан Жақан, Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы: -Осы жерде біз әртүрлі жасыл технологиялармен таныстық. Саяжайды, топырақты, тастарды, гүлдерді қолдана отырып, көркемдете түсуге тырыстық. Әртүрлі иллюстрацияларды осы тастардың көмегімен жасап көрдік. Тағы да 3 күн бойы боламыз. Лагерьдің ашылуына «Джи-Глобалдың» халықаралық хатшылығы, жасыл экономиканы қолдау және «Джи-Глобалды» дамыту коалициясы, «Ақбота» қоғамдық қоры, Қазақстанның скауттық қозғалысы мұрындық болды. Бұл жерде мектеп жасындағы балалар мен жеткіншектер от жағуды, қорғаныс тәсілдері мен шатыр құруды үйренеді. Мінезі тұйық біртоға оқушылар бұл жерде өздерін жаңа қырынан танытып, жасақ командирі атанып, өзінің құрбы-құрдастарына төтенше жағдайда қандай іс-әрекет жасау керектігін үйретеді. Сонымен қатар өнерлі өрендер апта сайын елімізге белгілі тұлғалармен кездесіп, көкейде жүрген ой-пікірін ортаға салады», – дейді шараға ұйытқы болып жүрген Салтанат Рақымбекова. Салтанат Рақымбекова, G-Global дамыту коалициясы заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы: -Олар әрі қарай жасыл технологияларды алға тартатын жас мамандар болатын болса, осындай мамандықты таңдауға, білімді, сапалы кәсіпкерлер болуға, басқа өкімет қызметкері болуына осы лагерьдің ықпалы тиеді деген ойдамыз. Айта кетейік, бұл лагерь «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында 3 ай бойы қызмет көрсетеді. Лагерьде 3 күн түнеу үшін 20 мың теңге төлейсіз. Ал бір апталық ақысы – 35 мың теңге. Келесі маусым осы айдың 11-і күні ашылады. Алдағы уақытта жыл сайын өткізу де ойда бар.