Жетісу облысының Ақсу ауданында ауыл шаруашылық мақсатындағы 737 мың гектар жер бар. Соның 220 мың гектарға жуығы пайдаланылмай жатыр. Аудан прокурорлары мен жергілікті әкімдіктің жұмысы нәтижесінде 25 мың гектар жер жекеден мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың басым бөлігі Қызылағаш, Матай, Ойтоған, Женсүгіров ауылдық округтеріне тиесілі. Яғни шаруалар төрт түлігін жайылым аумағына тіркелмеген, ал егістік алқабының есебін тапсырмаған. Осыған байланысты құзырлы орган өкілдері тиісті шара қолданды. Нәтижесінде 30 мың гектар аумақ қайта игеріле бастады. Әділет Сабырбаев, Ақсу ауданы прокурорының орынбасары: - Ақсу ауданы бойынша 179 мың га пайдаланылмай жатқан жерлерді мәжбүрлі түрде тәркілеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол үшін аудан прокуратурасы уәкілетті органға қадағалау актісі енгізіліп, уәкілетті органдармен жер иелеріне хабарландырулар беріліп, мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр.