Долон – кезінде тәтті қарбызымен аты шыққан ауыл. Алайда елді мекен тұрғындары соңғы жылдары бұл жеміс түрін екпей кеткен болатын, деп хабарлайды «Хабар 24». Осы істі қайта қолға алған Мұқият Боқышбай биыл үш айда пісетін қарбыз тұқымын отырғызуды жөн көріпті. Думан Айтқали, ауыл тұрғыны: - Биыл енді алғаш рет салдық. Бұрын келіп көрмегенбіз. Шығымы жаман емес. Мұның ерекшелігі, салмағы ауыр. «Холор» деген тұқым. 90 күнде піседі. Дәрі-дәрмек қоспаймыз. Таза, табиғи. Қай уақытта піседі, сол кезде теріледі Ақсуат ауданынан Бесқарағайға қоныс аударған қандастарымыз 20 гектарға қарбыз, 10 гектарға картоп екті. Жергілікті әкімдік ауыл маңында игерілмей бос жатқан алқаптан жер бөліп, қолдау көрсеткен. Кенжеғали Ипанов, Долон ауылдық округінің әкімі: - Бұл кісілер болашақта жерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Аудан әкімінің келісімімен біраз жерлерді Ертістің бойынан дайындап отырмыз. Жақында байқауға түседі. Сондықтан біз қолдау көрсетеміз. Қарбыздың бағасы да қолжетімді. Алқап басында келісі 70 теңгеден саудаланады. Еңбекқор азаматтар қазір 9 гектар жерден тәтті өнім жинап, аудан орталығына, қалаға, тіпті елордаға жөнелтіп жатқандарын жеткізді. Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы