Жыл басынан Жамбыл облысында 131 интернет алаяқтық деректері тіркелген. Олардың жартысына жуығы әшкереленіп, қырқы прокуратураға жолданған. Әлеуметтік желідегі қылмыстың артуын мамандар онлайн сауда-саттықтың көбеюімен байланыстырады. Екінші деңгейлі банк тұтынушыларының арасында да алаяқтық белең алып барады. Жаңатастың екі тұрғынына алаяқ әйел «бизнес дамытуға 5 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант алуға қол ұшын беремін» деп алдаған. Бұл көмегі үшін әрқайсысынан 100 мың теңгеден алыпты. Күдікті полицейлердің қолына түсті. Заң талабына сәйкес 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бегман Құтмырзаев, облыстық ПД баспасөз хатшысының міндетін атқарушы: - Өкінішке орай, қазіргі таңда алаяқ көбейіп барады. Және олар алдаудың жаңа әдістерін ойлап табуда. Сарысу ауданының өзінде полиция бір аптаның ішінде 7 алаяқтық дерегін аштық, олардың бәрі сотқа жолданды. Өңірде алаяқтық қылмысымен күресу үшін арнайы топ құрылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Және де тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге шақырады. Онға жуық тұрғынды алаяқтар интернетте сан соқтырып кеткен. Зардап шеккен азаматтың бірі «автокөлік сатып аламын» деп алданса, тағы бір әйелдің атына жылпостар несие рәсімдеп, қаражат жымқырған. Роман Калибеков, Жамбыл облысының тұрғыны: - Ұнаған көлігімді тауып, иесіне хабарластым. Телефон көтерген ер азамат бауыры апатқа түсіп, жедел қаражат іздеп жүргендігін айтты. Жағдайын түсініп, 600 мың теңгені алдын ала аударып жібердім. Артынша айтылған мекен-жайға іздеп барғанымда көлікті де, оның иесін де таппадым. Айсұлу Үсенова, Жамбыл облысының тұрғыны - Алаяқтар менің атымды бүркеніп, онлайн несие рәсімдеген. Бұл туралы білген сәтте полицейлерге арыздандым. Тәртіп сақшылары күдіктілерді ұстады. Шығынымды өтеп, қаражатымды қайтарды. «Банк қызметкерімін» деп, тұрғындарды алдайтындар да аз емес. Алаяқтардан сақтану қажет деген желеумен есеп-шотындағы қаржыны басқа номерге аударуды өтінеді. Банктің кейбір сенгіш тұтынушылары мұндай өтініштен секем алмай, бар қаражатын алаяқтарға жібере салады. Жыл басынан бері банктың 60-тан астам клиенті полицияға арызданған. Кейбірі бір миллион теңге көлемінде ақшасынан айырылыпты. Мансұр Есқожин, Анастасия Сулейманова, Руслан Ахатилла