Ақтаудағы 15 шағын аудан жағажайында итбалыққа мүсін орнатылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Биіктігі 2,3 метрлік архитектуралық нысан демеуші қаржысына жасалған. Салмағы 300 келіден асатын ескерткіш – шығармашылық ұжымның еңбегі. Жоба авторлары мүсінді қоғамдық орынға қоюдың өз мәні бар екенін айтады. Бұл теңіз жануарын аяусыз қырып-жоюға қарсылық ретінде көзқарастарын білдірсе керек. Каспий итбалығы жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. ХХ ғасырда олардың саны 1 миллионға жуықтаған. Қазір кей басылымдар 100 мыңға жетер-жетпес итбалық қалғанын жариялап жүр. Теңіз сүтқоректісі 2020 жылы 13 қарашада Үкімет қаулысымен Қазақстанның Қызыл кітабына енді.