Елде мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің тек 15%-і ғана жем-шөпке берілетін субсидия алады, деп хабарлайды «Хабар 24». Қалғаны Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен өлшемшарттарға сәйкес келмейді. Шаруалардың айтуынша, субсидия алу талаптары байларға ғана арналғандай. Яғни қолдау мал басы 50-ден асатын кәсіпкерге ғана беріледі. Ал он шақты ірі қараға қарап отырған отбасы түксіз қалады. Оларды қалай қолдау керек? Талғатбек Әбдіқожа, тілші: - Қыстың қамын жазда ойламасақ, қар түсе қорадағы малға қылтанақ таппай қаламыз. Ал малымыз аштан қатса, ауылдың жайы не болмақ? Қазақстан фермерлер қауымдастығы осыған алаңдап отыр. Жазда қорасын шөпке толтыра алмаған шаруалар қазірдің өзінде-ақ қойы мен сиырын азайту үшін арзанға сатуға мәжбүр. Күнтуар Жаназаров, Арал ауданының тұрғыны: - Осы тұрғанда шаруалар жылқыдан құлындарын айырып алып, сатып жатыр. 65-75-тен. Бұзауларын сиырдан айырып алып, 3-4 айлықтарды. Қораға бағып, жем-шөпке үйретіп, оны да 50-60 мыңнан сатып жатыр. Қолынан келгенін істеп жатыр. Бірақ мемлекет деңгейінде көмек болмаса, өте қиын болатын түрі бар. Мал басы әлден кемісе, қыста ет тапшылығы туындап, оның қымбаттауына әкеледі. Сондай-ақ төрт түлік алып-сатарлардың қолына тисе, тірідей шет ел асуы да ғажап емес. Ендігі мәселе – тез арада жем-шөп қорын жасақтау керек. Ермек Әбуов, Қазақстан фермерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары: - Ылғалдың аз болуына байланысты көп облыстарда жағдай жақсы емес. Өйткені бізге ақпараттар келіп түсіп жатады. Былтырмен салыстырғанда шөп жоқтың қасы деп айтып жатыр облыстардың көбінде. Сондықтан қазір не істеу керек Үкіметке, жергілікті атқарушы органдарға. Қор құру қажет деп есептейміз. Жергілікті атқарушы органдарда СПК-лар бар ғой. Солар өздері қор құрып, жем-шөптің қорын құратын болса, ауылдағы ағайынның малын қыстан алып шығу амалын ойлау керек. Қор құрып, жем-шөпті қоймада сақтау мәселені түбегейлі шешпейтіні де белгілі. Тығырықтан шығудың жалғыз жолы – білім-ғылымға жүгіну. Дамыған елдер тастаққа тал егіп, көл-көсір пайда тауып отыр. Бізде де ылғалдылығы аз аймақта жем-шөп дайындауды қолға алғысы келетіндер бар. Бірақ оларды қолдап, жүзеге асыратын жүйе жоқ. Мысалы елордалық Жазылбек Саттаров үйден ұзамай-ақ мал азығын дайындауға болатынына сенімді. Жазылбек Саттаров, қала тұрғыны: - Екі күн болды жуып, егіп қойғанымызға. Бұл өніп тамырлап жатыр. Мынау 3-4 күндік. Биіктігі 5-6 күндік. Биіктігі 10-12 см. Мынау бір жұма болды егілгеніне. Бұл міне, дайын. Бұл батыстағы Аралдағы құрғақшылық болып жатқан жерде бидай өнімдерін апарса, осылай егуге болады. Бір келі бидайдан 5-6 келі шөп шығады. Нұр-Сұлтан қаласында бидайды 200 теңгеге алдым. Енді соны 5 келіге бөлсеңіз, 40 теңгеден түсіп тұр. Енді суын қоссаңыз 50 теңге болады да өз бағасы. Ермек Әбуов, Қазақстан фермерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары: - Көмек керек қой оларға. Өсірем дегендер. Олардың өздерінің тәжірибелері жетпейді оған. Біріншіден, Экология министерлігі бар, АШМ бар, білікті мамандар, ғалымдар бар, соларды жұмылдыру керек бәрін. Сосын қарау керек. Бұл шөлді аймақ болған соң ол жерде ағып жатқан су жоқ. Жерасты суларын іздеу керек. Сонда ғана ол жерде шөптің қай түрі бейімделген, болады. соны өсіру керек. Соны қолға алу керек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, елде мал азығын дайындайтындарға қолдау бар. Соның бірі – тұқымның, минералды тыңайтқыштардың 50%-і субсидияланады. Марат Оразаев, ҚР АШМ аппарат басшысы: - Егер мал азығы өндірілетін суармалы жерлер болатын болса, ол жерде тасымалданатын судың тасымал құнының 85%-іне дейін, яғни дифференциалды түрде осы уақыттарға дейін қарастырылған. Оған қоса, ауылшаруашылығы тауарөндірушілерінің сұранысына ие инвестициялық субсидия деген бар. Соның шеңберінде бірінші кезекте техника, тіркеме техника одан басқа жабдықтардың бағасын 25%-ке дейін жылма-жыл субсидиялап отырмыз. Десе де, шаруалар субсидияа алу талаптары бекітілгенде жеңілдіктің жалпыға ортақ қолжетімді болуын қадағалау қажет екенін айтады. Сондай-ақ жем-шөпке берілетін субсидия жергілікті бюджет емес, Үкіметтен бөлінген жөн деп санадйы. Өйткені өңір қазынасы шаруалардың қажетін қанағаттандыруға жете бермейді. Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Мерей Мұратханқызы, Ержан Рахманбердиев, Марат Диханбаев