Жамбыл облысында былтыр жөнделген жолға бюджеттен биыл тағы ақша бөлінеді. Бұған Жуалы аудандық қоғамдық кеңесінің мүшелері наразы, деп хабарлайды «Хабар 24». Айтуларынша, былтыр бөлінген 60 млн теңгеге 7 шақырым жол орта жөндеуден өтуге тиіс еді. Бірақ мердігер 4 шақырымын ғана қалпына келтірген. Қалғаны сол күйі қалыпты. Мерей Бает, тілші: – Бюджеттен 60 млн теңге бөлініп жөндеу жұмыстары жасалған 7 шақырым жол осы. Тұрғындар Шыңбұлақ ауылына апарар жолдың бастапқы 700 метрі ғана асфальтталғанын айтады. Қалған бөлігін мердігер тек жамап кетіпті. Шахмат тақтасына ұқсаған жол «Нұрлы Жол»» бағдарламасы аясында былтыр жөнделген. Дегенмен қоғам белсендісі бөлінген қаржы 7 шақырымға жетуі керек еді. Талғат Қуатбектің сөзінше, тас жолдың тек үштен бірі ғана асфальтталған. Талғат Қуатбеков, Жуалы аудандық қоғамдық кеңес мүшесі: – Жобалық-сметалық құжат бойынша толығымен бұлар асфальт төсеуі керек еді. 4 км-дің жаңағы 2-ақ км-не асфальт төсеген, қалған жерінде бұрынғы, міне, кеңес үкіметі кезінде төселген асфальт. Енді қазір айтады, жаңағы баға өсіп кетті деп қайтадан 46 млн тг сұрап отыр. Бұл деген заңсыз ғой. Ал ауданның атқамінерлері тас жолды қабылдап алған. Аталған 60 млн теңге жарамсыз деп табылған учаскеге ғана бөлінді дейді. Қайрат Жатқанбаев, Жуалы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы: – Жүру жолы 7,610 шақырымды құрайды. Оның ішінде жарамсыз деп танылған участок 4 км-ден асады. Сол жолға сплошной асфальт салынды. «Асфальт түгел төселді» деп айтқанынан танбаған басшы жолды өз көзімен көрмеген болып шықты. Онысын 2 апта бұрын ғана басшы болғанымен байланыстырып отыр. Дегенмен қайта қаржы сұрамадық деп ағынан жарылды. Қайрат Жатқанбаев, Жуалы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы: – 47 млн ештеңе сұралған жоқ. Толық 60 млн 158 мың теңгесі толық игеріліп, жол аяқталды. Қоғамдық кеңес мүшелері жөнделген жол жобалық-сметалық құжатқа мүлдем сәйкес келмейді дейді. Сондықтан ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арызданыпты. Енді істің ақ-қарасын құзырлы орган анықтамақ. Авторлары: Мерей Бает Руслан Ахатіллә