Елде тәуелсіздік жылдары түлеп, тұрмыс-тірлігін түзеген ауылдар аз емес. Соның бірі Қостанай облысының Үзынкөл ауданындағы Обаған ауылы. Кеңес дәуірі кезінде шағын бөлімше болған елді мекен қазір округ орталығы мәртебесіне ие. Басқасын айтпағанда, бұл ауылда соңғы екі жылда 15 жаңа үй салынған, деп хабарлайды «Хабар 24». Обаған – Ресеймен шекара түбінде, орталықтан шет жатқан қазақы ауыл. Кіріп келе жатқан бетте қоршауы, сыртқы сәулеті келіскен жаңа үйлер бірден көзіңе шалынады. Ішкі жабдықталуы да әсерлеп айтсақ, хан сарайына бергісіз. Жиһаз, басқа да керек жарақтардың барлығы жергілікті шаруа қожалығының есебінен алынған. Газ, суы кіріп тұр. Осындай дайын үйлердің бірі таяуда шаруашылықтың жұмысшысы Рауан Оңайбаевқа беріліпті. Рауан Оңайбаев, Обаған ауылының тұрғыны: - Дипломат, пакетпен келдік деп айтуға болады ғой. Көңілімізден шығып, жатыр, үй жылы әдемі. Қаладағы сияқты ванна, туалет, душ бәрі бар ішінде. Мұндағы әлеуметтік нысандардың барлығы қалыпты жұмыс істеп тұр. Су бұрқағы орнатылған саябақ, стадион, қыс мезгілі тренажер, спорт залдары жергілікті жастардың сүйікті орынына айналған. Тіпті шағын ауылда рестобар да ашылған. Биыл осы нысандардың қатарын жаңадан салынған медициналық пункт толықтырды. Дәрігер маманды шаруашылық басшысы басқа ауылдан алдыртыпты. Жайлы Исабаева, фельдшер: - Бірінші келіп,жазда көріп кеттім,ұнады медпунктың қасындағы үй. Оның ішінде керек нәрсемнің бәрі бар деген сияқты. Ұнады сосын көшіп келдім. Жақсы ғой ауыл. Жағдай болғасын рождаемость жақсы. Мысалы, бір жасқа дейінгі 11 бала бар. Обағанда қазір 400-ге жуық адам тұрады. Негізінен байырғы тұрғындар. Бұрын жайлы орын іздеп қалаға кеткендер қазір қайта оралып жатыр екен. Жақсылық Оразбеков, Обаған ауылының тұрғыны: - Әйдік совхоздың өзі құрып кетіп жатыр ғой енді. Баяғы да соған таңертеңнен кешке дейін барып келіп жүретінбіз де. Қазір өзі ауылда бәрі. Үйлер салынып жатыр. Жақсы Көшемізді асфальттап берді. Жергілікті шаруа қожалығын ауқатты, ірі деуге келмес Бес мыңдай гектар егістік жері, 500- ге тарта ірі қара, жылқысы бар. Жылда аста-төк астық алатын алпауыттардың қатарынан емес. Бірақ олардан бір айырмашылығы шаруа қожалығының иесі халықтың қамын, ауылдың жайын көбірек ойлайды. Болат Қарабаев, шаруа қожалығының басшысы: - Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын көтеруге деп, 120 миллион сондай қалайда салып отырық қой биылға. Енді одан басқа мал бөлу, көшіп келгендерге жағдай істеу. Ауылды дамыту үшін енді жақсы еңбекақы керек. бірінші жұмысшыға. Сосын демалатын орындары керек. Құр мал жайлап, жұмыс істеп қана жүрмей, бірімен бір араласатын жерлер керек. Сонда ешқайда көшпейді ғой деп ойлаймын. Тәуелсіздік жылдары ауыл халқын тұрақтандыру, олардың әл-ауқатын көтеру мақсатында атқарыған жұмыстар аз емес. Бір ғана Қостанай облысында осы аралықта 75 елді мекенге газ тартылып, 322 ауылға таза ауызсу жеткізілді. Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг