Ақтөбедегі Қарғалы өзенінің жағалауы ерекше қорғауға алынатын болды. Жоба жүзеге асса, өзен бойындағы кез-келген құрылыс жұмыстары тоқтатылып, жағасындағы егін алқаптары шегеріледі. Мемлекеттің бақылауына алынған қорықты ауыр техникамен таптап, арнасын кеңейтуге бағытталған жұмыстар да жүргізілмейді. Қоршаған ортаға келген кесел туралы ел Президенті де мәлімдеме жасап, тиісті шара қабылдауды тапсырған. Альбина Бисенбина өзен-көл жағасының экологиялық ахуалы күн санап ушығып жатыр дейді. Жапырағы жайқалған көк майса жерлер тұрмыстық қалдық полигонына айналған. Жаздың әр жексенбісінде тазалауға шығатын белсенді топ 1-2 сағат ішінде 2 тоннаға дейін қоқыс жинап үлгереді. Айналаны полиэтилен мен пластиктен тазарта алмай жүрген волонтерлер Қарғалының ерекше қорғалатын аймақ болатынына қуанды. Альбина Бисенбина, волонтер: – Қарғалы өзені маңының табиғатының сақталуына бұл шара оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Себебі заң тұрғысынан қорғауға алуға негіз болады. Ал, қоршаған ортаға зиян келтірген тұлғалар да жауапкершілікті сезінеді. Табиғат аясына шыққан кезде бұл жерді біз өскелең ұрпаққа аманат ететіндігімізді ұмытпаған жөн. Еріктілер бұған дейін облыс орталығындағы 8 өзенді тазалау жұмыстарын дереу тоқтатуды талап еткен еді. Себебі мердігерлер су бойындағы жасыл-желекті жайпап, қызыл кітапқа енген ағаштарды түп-тамырымен жұлған. Қазір бұл жоба қайта жасақталуда. Дегенмен Қарғалы өзені мемлекеттік қорық қатарына енсе, ауыр техниканың бұл маңға жоламайтындығы ақиқат. Болат Тасболатов, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы – Бұл аймақта Қызыл кітапқа енген қанды ағаш, гладиолус, жауқазынның түрлері өседі. Шаһардың аумағындағы табиғаты тамылжыған жер деуге болады. Қаланың аумағы кеңіп, урбанизацияға бет қойған сәтте мұнай барлығынан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан ғылыми негіздемесі әзірленіп, табиғи қорық құру туралы шешім қабылданды. Аумағы шамамен 530 гектар жерде қоршаған ортаға зиян келтіретін кез-келген әрекет тиым салынатын болады. Мамандардың есебі бойынша бұл жерлерде тек табиғатқа залалы жоқ демалыс орындары мен спорттың жазғы және қысқы түрлеріне арналған лагерьлер ғана орналасуы тиіс. Бұл шешіммен эко-белсенділер келісіп отыр. Егер жобаның технико-экономикалық негіздемесі әзір болса, алдағы жылы Ақтөбе картасында «Қарғалы» табиғи қорығы пайда болуы тиіс. Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков