«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының аясында Ақтөбе облысында соңғы бір жыл ішінде 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Мемлекет қолдауының нәтижесінде өнім шығару үлесі 8,8% артып, 1 трлн 200 млрд теңгеге жетіп отыр. Аймақта жаңа бизнеске бюджет есебінен демеу көрсетіледі. Мәселен былтыр 4,5 мың жоба қолдау тапты. Жұмсалған қаржы көлемі шамамен 12 млрд теңге. Бағдарлама қатысушыларының қазынаға қайтарымы да мол. Есептік кезең ішінде түрлі субсидия мен грант алғандар 159 млрд теңге шамасында салық төлеген. Биыл «Бизнестің жол картасы» жалғасын табады. Атқарушы билік өкілдері тек облыстық бюджеттің өзінен кәсіпкерлерді қолдауға 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінетінін жеткізді. Нұрхан Тілеумұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы: - Субсидиялау бойынша 2393 жоба несие көлемі 66,7 млрд теңгеге жоба қолдау алды, кепілдендіру бойынша 2081 жоба қолдау алды 19,1 млрд теңгеге. Қажетті инфрақұрылым жүргізу бойынша 38 кәсіпорын қолдау алды. 1,3 млрд теңгеге оларға қажетті инфрақұрылым жүргізілді. Сонымен қатар 37 кәсіпкерге 140 млн теңге қайтарымсыз грант берілді.