Семейде ядролық жарылыстар болған полигон аумағын зерттеу толық аяқталды. Радиоэкологиялық зерттеудің кешенді жоспарына сәйкес 18 мыңнан астам шаршы метр жер тексерілді. Соның жартысын ғалымдар қауіпсіз деп тапты. Бұрын ядролық сынақ алаңы болған аумақ 13 жыл бойы зерттелді. Осы уақыт аралығында ұлттық орталықта 2 мыңнан астам маман талмай еңбек етті. Озық құрылғылар әрі зертханалармен жабдықталған әдістемелік база ғалымдардың қолын ұзартты. Асан Айдарханов, радиациялық қауіпсіздік және экология институты филиалының директоры: - Бізге оңай болған жоқ. Бастапқыда қандай да бір зерттеу әдістемесіне сүйене алмадық. Кейін ғылыми негіздерді өзіміз жаздық. Соның нәтижесінде полигон аумағы толық ластанбағанын дәлелдеп шықтық. Жартысына дейін радиоактивті заттармен уланбаған. Яғни шаруашылыққа қолдануға жарамды. Ядролық полигонның 9 мыңнан астам шаршы метр аумағы ластанған. Кей жері аспан астында ашық күйде жатыр. Асан Айдарханов, радиациялық қауіпсіздік және экология институты филиалының директоры: - Мөлшерден тыс ластануы бойынша Шаған өзенін айтуға болады. Су көзі атом көлінен бастау алады. Полигоннан сырт жерде жатуы себепті тұрғындар мал жаяды. Ол дұрыс емес. Оған жол бермеу үшін нақты іс-шаралар жасалуы керек. Сорақысы сол, кей тұрғын атом көліне барып, балық аулауды әдетке айналдырған. Сол себепті полигонның ластанған аумағын жабу мәселесі әлі де болса өзекті. Ерлан Батырбеков, Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры: - Бұған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесін жоймау үшін полигон аумағын арнайы ядролық қауіпсіздік аймағына дейін қысқарту керек. Жарылыстар жасалған орындарда сынақ алаңдарын құру да маңызды. Қорыта айтсақ, бұл жерде үнемі бақылау болуы қажет. Алда атқарылар жұмыс көп. Полигон аумағын тұрақты бақылауға алу, залалсыз жерлерін қолданысқа беру бағытында жұмыстар жалғаса бермек. Былтыр «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінде талқыға түскені белгілі. Құжат Семей полигоны жерлерін пайдалану, оның аумағын оңалту және елдің ғылыми әлеуетін дамыту мәселесінде бақылауды күшейтуге бағытталған. Талғат Исламұлы, Медет Өмірханов