Қазақстанда алғашқы шина шығарылды. Отандық өнім Қарағанды облысының Саран қаласындағы «KamaTyresKZ» зауытында жасалған, деп хабарлайды «Хабар 24». Арнайы экономикалық аймақта бой көтерген бұл алып кәсіпорын аз ғана уақыт ішінде салынды. Инвестиция көлемі 170 млрд теңгеден асады. Алғашқы өнім сапасын бағалауға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Татарстан Республикасының басшысы Рустам Минниханов және «Татнефть» компаниясының бас директоры Наиль Маганов арнайы келген. «KamaTyresKZ» зауытында жасалған алғашқы шинаның өлшемі 185/65/15. «Татнефть» пен «AllurTyres» компаниясының бірлескен кәсіпорыны жылына 3,5 млн шина өндіре алады. 28 гектар аумақты алып жатқан алпауыт кәсіпорын аз ғана уақыт ішінде, небәрі 16 айда салынған. Ал бұл аралықта мамандар көршілес елде өндірістік тәжірибеден өтіп, біліктілігін шыңдады. Роман Скляр, ҚР Премьер-министірінің бірінші орынбасары: - Бұл Қазақстандағы алғашқы шина зауыты. Жаңа кәсіпорын келешекте отандық өнеркәсіпті дамытуға тың серпін берері сөзсіз. Сонымен қатар шағын шаһардың өркендеуіне ықпал етеді. Себебі Сарандағы мыңдаған адам осында жұмысқа орналасады. Зауыт әлемнің озық технологиясымен жұмыс істейді, қондырғылары халықаралық талаптарға сай. Зауытта 126 негізгі және 528 қосалқы қондырғы орнатылған. Барлығы да әлемнің ең үздік өндірушілерінен сатып алынды. Қазір кәсіпорында технологиялық процесстер түгел аяқталды. Мұнда шикізаттан бастап дайын өнім алынады. Рустам Минниханов, Татарстан Республикасының басшысы: - Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 3,5 млн шина. Бірақ бұл шекті көрсеткіш емес деп ойлаймын. Зауыттың әлеуеті одан да жоғары екенін көріп отырмыз. Мұнда кәсіби мамандарға да жоғары жалақы төленеді. Қазақстан елі - біздің ең сенімді серіктестеріміздің бірі және солай болып қала береді. Әріптестігіміз жыл сайын ұлғайып келеді. Қазақстандық шиналарды әуелі отандық нарыққа шығару, кейін Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарда. Зауыт 2024 жылы толық өндірістік қуатына шығады.