Мемлекеттік органдардағы баспасөз қызметкерлерінің жұмысы үлкен трансформацияны талап етеді. Бүгін Елордада оныншы «Интернейшинал пиар форум Астана»шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24». Кәсіби алаңда «Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік құрылымдардың БАҚ өкілдерімен байланысын, жүйелі ету үшін не істеу керек?», – деген сауал төңірегінде диалог құрылды. Форум қатысушылары мемлекеттік органдардағы стандарттар мен шектеулер кейде ақпараттың қоғамға дер кезінде жетпеуі мен жалған мәліметтердің жаппай таралуына түрткі болатындығын айтады. Бибігүл Жексенбай, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті: – Шешім шығаратын адам мен баспасөз қызметінің арасындағы қашықтық өте жоғары. Оның арасында он адамның келісімін алып барып шешім шығарады. Дәл қазір айтылған ақпарат екі минутта ескіріп кететін заманда ол өте дұрыс емес деп ойлаймын мұндай жүйе.