Шығыс Қазақстан облысында көпір салатын құрылысшылар, инженерлер мен жобалаушылар және осы бағыттағы зертханашылар тапшы, деп хабарлайды «Хабар 24». Тіпті облыста сала мамандарын даярлайтын техникалық университет, аталған мамандықты оқуға талапкерлер табылмай жатқанын айтып дабыл қағып отыр. Соның салдарынан жол құрылыс бағытындағы факультет жабылуға шақ қалған. Шығыста жол құрылысы дегенде бірнеше ірі жоба бірден еске түседі.Соның бірі – қайта жөндеуден өткізіліп жатқан «Омбы-Майқапшағай» трассасы. Ол жерде қазір 1,5 мың адам жұмыс істеп жүр. Алайда бұл – қажет мөлшердің тек тең жартысы ғана. Инженер Фархат Тұрғымбаев салада кадр тұрақтамайтынын жасырмайды. «Маусымдық жұмыс болғандықтан, ешкім жоламайды», – дейді. Сондықтан жұмысшылардың жалақысы қыста 50% болсын төлену керек деп санайды. Фархат Тұрғымбаев, инженер: - Менің ойымша, сол жастарды қалдырмай, ұстап отырған дұрыс қой деп ойлаймын, кейде қыста, айлық жүрмей, үйде отырып қалған кезде басқа жұмыс іздеп кететіндер болады. Бұл мәселеге өлкедегі техникалық университет ұжымы да куә. Алдыңғы бірнеше жылда дәл осы мамандық бойынша бар болғаны үш түлек қана келіпті. Салдарынан аталған бағытты жабу туралы да мәселе қозғалған. Анар Бәкербаева, ШҚТУ Автомобиль жолдарын жобалау және салу бағдарламасының жетекшісі: - Осы мамандықта қазір бізде биыл 70 қана бала оқып жатыр. Төртінші курста –25 бала, екінші үшінші курста 5-6 баладан ғана қалдық. Бірінші курсқа биыл Шығыс Қазақстан облысындағы жол өндірістеріне барып, көмек сұрау арқылы бірінші курсқа отыз баладай жинадық. Жол саласында қызмет көрсетіп жүрген мекемелер өздерінде жұмыс істейтін, бірақ сәйкес білімі жоқ азаматтарды университетке білім алуға жіберген. Ал жол сапасын қадағалайтын орталық болса, жастарға осы жол-құрылыс мамандықтарын насихаттауға кірісіпті. Ашық есік күндерін өткізіліп болашақ түлектерге кәсіби бағдар беруде. Ержан Аязбаев, «Жол активтері» ұлттық сапа орталығы ШҚО филиалының директоры: - Біз мектептерді аралап, оқушыларды шақырып, жол саласындағы жұмыстың әр түрлі екенін көрсетіп жатырмыз. Жол қызметкерлері тек бізге ғана емес, әсіресе сметалық құжаттарды жасау кезінде әкімдіктерге де ауадай қажет. Сарапшы Алмас Байдолдаев алғашқы курс студенттеріне экскурсия өткізіп жүр. Өзі Серпін бағдарламасымен оңтүстіктен осында келіп білім алып, қызметте қалған. Оның айтуынша, мамандардың жетіспеуі жол сапасына кері әсерін тигізері сөзсіз. Алмас Байдоллаев, зертхана сарапшысы: - Мамандардың жетіспеушілігі жолдың нашар салынуына ықпалын тигізеді, өйткені жол саласында жүрген көп кісілердің бәрі жолшы деп айта алмаймыз. Олардың ішінде өзге мамандықты бітіргендер де бар. Ал жол саласын таңдаған кісілер осы жол саласында жұмыс істесе, жолдың сапасы артады деп ойлаймыз. Осылайша, әзірше абитуриенттер мен кадр тапшылығы бірнеше тараптың бірлесуімен әрең шешіліп келеді. Өйткені бұл мәселеге бүгіннен назар аударылмаса, енді 15 жылдан соң жол салатын адам таппай сенделуіміз ықтимал. Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов