Осы Түлкібас ауданындағы Майлыкент ауылдық округінің өзінде 25 көшеге асфальт төселіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Бұдан бөлек, көшелерді жарықтандыру, жүргінші жолын салу жұмыстары да қарқынды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының арқасында елді мекеннің әрі кіріп, күннен күнге сәулеті артып келеді. Балықшы ауылдық округіне қарасты Ұрбұлақ елді мекенінің тұрғындары жолдың жөнделгеніне дән риза. Себебі осы уақытқа дейін көшеге мүлдем асфальт төселмеген екен. Қиыршық тас төгілген жол көктем мен күз айларында ми батпаққа айналып, жүру мүмкін болмайтынын айтады. Лесқан Үсіпбеков, Ұрбұлақ елді мекенінің тұрғыны: – Қазір өзім 54-ке келгенде бірінші мәрте асфальт төсеп жатқанын көріп тұрмын. Бұрын тас төселген жол болатын. Жауын-шашында лай болатын. Өзіміз жамайтынбыз. Аудан әкімі былтыр уәде берген, биыл асфальтын салды. Көшенің жігіттері бөліп қойған, бақылап, қарап жүрміз. Бәрі ойдағыдай, керемет. Дәуренбек Кепебаев, Ұрбұлақ елді мекенінің тұрғыны: – Жол жоқ кезде өзіміз қолдан келгенше күрекпен төсеп жүрдік. Амалын жасап, мектепке барғанда балалар лай боп баратын. Қолайсыз ауа райында батпақ болды. Сондай кездерде де жүрдік қой амалдап. Міне, асфальт салынып жатыр. Таза жолмен жүретін болдық енді. Енді таза жолмен жүріп, табанымыз былғанбайтын болды деген тұрғындардың қатары көбейе бермек. Себебі қазір «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде републикалық бюджет есебінен Майлыкент ауылдық округінің өзінде ұзындығы 18 шақырым болатын 25 көшеге асфальт төселіп жатыр. Бұдан бөлек, биыл аудандық бюджет есебінен 17 көше ағымдағы жөндеуден өтті. Асыл Нұрлыбай, аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы: – Елді мекеннің ішкі жолдары қазіргі таңда 85 пайызды құрап отыр. Келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Майтөбе мен Машат ауылдық округінің жолдары жоспарлануда. Сондай-ақ аудан әкімінің өткен жылғы есебінде тұрғындар тарапынан түскен өтініштер бойынша 9 елді мекендегі ұзындығы 14 шақырым болатын 10 көшеге жаңадан аяқ жолдар төселіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Айта кетейік, биыл Түркістан облысындағы жолдарды жөндеуге 35 млрд теңге қаржы бөлінді. Оған өңірдегі жолдардың төрттен бірін, ал алдағы 4 жылда барлығын тұтас қалпына келтіру жоспарланып отыр. Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы