Үкіметте пайдаланылмай жатқан жайылымдық алқаптарды қайтару мәселесі талқыланды. 2019 жылдың соңында ғарыштық мониторингті қолданудың заңнамалық базасы қалыптастырылды, 2020 жылдың басында пилоттық жоба 4 облыста (Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары) іске қосылған. Нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 8,3 млн гектар алаңдағы ауыл шаруашылығы жерлері, оның ішінде 7,6 млн гектар жайылым, шамамен 700 мың гектар басқа санаттағы жерлер анықталды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты. «Көрсетілген облыстардың әкімдіктері пайдаланылмай жатқан жерлерді алып қоюды тездетуі және олардың ауыл шаруашылығы айналымына тартылуын қамтамасыз етуі қажет», – деді С.Омаров. Биылғы қаңтардан бастап республиканың барлық аумағында ғарыштық мониторинг қолданылады. Сондай-ақ пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту, ғарыштық мониторинг деректері негізінде оларды сот тәртібімен қайтару, хабарламаны қағаз жеткізгіштен SMS-хабарлама арқылы электрондық жеткізгішпен тапсыруға көшіру жөніндегі заң жобасы әзірленді, оны қазіргі уақытта Үкімет пысықтауда. «Осылайша қолда жерлерді алып қою тетіктері бар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жергілікті атқарушы органдар жергілікті жерлерде оларды барынша пайдалану жөнінде шаралар қабылдауы қажет», – деді С.Омаров.