Солтүстік Қазақстан облысында орман қоры ұлғайтылады. Өңірде 2025 жылға дейін 100 млн түп көшет егу жоспарланған. Күн жылынып жер жібіген соң мамандар кезекті ағаш отырғызу науқанына кіріседі. Олардың дайындығымен аймақтағы тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы танысып қайтты. Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші: - Осындай бір ақ қайың бір-ақ сәтте кесіледі. Ал оның қайтадан жайқалып, өсіп шығуына бірнеше жылдар кетеді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысында ағаш егу аумағы 3 есеге ұлғайтылады. Орманшының жұмыс көзге көрінбейді. Олар қыс бойы ағаш тұқымдарын дайындап, жас көшеттерді күтіп баптайды. Бұл Мамлют ауданындағы шаруашылық. Мұндағы мамандар маңызды науқанға сақадай сай. Айдархан Наурызбаев, Мамлют ауданы орман шаруашылығы орманшысының м.а: - Биыл 253 гектар жерге жоспар бойынша ағаш отырғызамыз. Және де 3 жыл бойы күтім жасаймыз. Ағаштар өспей қалған жерлер болады. Соған сол жерге 105 гектар жоспар бойынша ағаш егеміз. Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында жердің ылғалдылығынан ормандар дымқыл тартып барады. Ондай алқаптар отынға кесіледі. Орыны бос қалмайды. Мәселен, биыл 4 мың 100 гектар жерге 23 млн түп көшет егу жоспарланып отыр. Бейбіт Исманов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы: - Былтыр облыс бойынша 1 мың 652 гектар жерге 6,9 млн көшет егілді. Жылдық жоспар артығымен орындалды. Осы жылы Есіл ауданында орман тәлімбағы құрылады. Жоба құны 280 млн теңге. Мамандардың айтуынша, бір ағаш жылына 150 келіге дейін оттегі шығарады. Бірақ оларды аяусыз отайтындар да аз емес. Былтыр ондай 18 дерек тіркелген. Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков