Ақмола облысында 4 мыңнан астам медицина қызметкеріне 4 млрд теңгеге жуық үстемақы төленді, деп хабарлайды «Хабар 24». Қаржылай көмек індеттің қауіптілік деңгейіне қарай үш санат бойынша берілген. Біріншісі инфекциялық стационарларда жұмыс істеген дәрігерлер болса, екінші санатта мобильді топ мүшелері, үшіншісі жедел жәрдем қызметкерлері мен басқа да мамандар. Салтанат Құсманова – коронавирустың алғашқы соққысына төтеп берген медицина мамандарының бірі. Ол, Көкшетау қалалық ауруханасында қауіпті індетке шалдыққандарды қабылдай жүріп, өзі де вирус жұқтырып алды. Алайда емделіп, қайтадан қатарға қосылды. Қазір әлі де аталған аурумен күресуге атсалысып келеді. Салтанат Құсманова, қалалық аурухана қабылдау бөлімінің аға медбикесі: - Шілде айында көп науқастар пайда болғаннан бастап біздің өзімізде де қорқыныш бастала бастады. Өзіміз үшін ғана емес, өзіміздің туысқандарымыз үшін, өзіміздің бірге жұмыс істеп жүрген әріптестеріміз үшін. Бірақ біз өзімізді өзіміз ұстадық, өйткені біз осы мамандықты таңдағаннан кейін жұмыс жасауға, атқаруға бел будық. Бірақ сол қиындықтың қайтарымы болды. Екінші категориямен жұмыс істедік. Үстемақылардың бәрін алдық. Салтанат секілді қызмет бабында коронавирус жұқтырған мамандар мемлекеттен 2 млн теңгеден қаржылай көмек алды. Ал, бірінші санатта жұмыс істеген дәрігерлердің еңбекақысына 850 мың теңге, екінші топтағыларға 425 мың теңгеге дейін, ал кіші медициналық персонал, яғни жедел жәрдем жүргізушілері, тазалықшы және басқа да қызметкерлерге 200 мың теңгеге дейін үстемақы қосылды. Әсел Қалдыбаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: - Олардан бөлек, жергілікті бюджет есебінен 80,5 млн теңге бөлінді. Бұл жедел жәрдем қызметкерлеріне, Аршалы мен облыстық фтизиопульмонологиядан, сіздер білесіздер, онда инфекциялық стационар болды, сол қызметкерлерді материалдық қолдауға ақша бөлінді. Оған қоса, 2020 жылы Ақмола облысының ауылдарына жұмыс істеуге келген жас дәрігерлерге облыстық бюджет есебінен 1 млн теңгеден көмек берілді. Ал, ендігі жерде тек ауыл-аймақтарға ғана емес, қаланың емдеу мекемелеріне қызметке орналасқан жас медицина мамандарына да осындай қолдау көрсетілмек. Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко