Павлодардың кардиохирургтері 56 жастағы тұрғынның жүрегіне күрделі операция жасады. Науқасқа «жүре пайда болған жүрек ақауы» диагнозы қойылған. Бұл дерт ересектер арасында сирек кездеседі. Операция барысында аз инвазивті әдіс қолданылды. Яғни кішкентай тілік арқылы эндоскопиялық камераның көмегімен жүрек қалпақшасын қалпынна келтірді. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай операциядан кейін науқас тез сауығып кетеді. Қазір оның жағдайы тұрақты. Медициналық-әлеуметтік сақтандыру аясында іске асырылған операция құны 2,5 млн теңгеден асады. Айта кетейік, былтыр өңірде осындай әдіспен 10 ем-дом жасалды. Василий Сегнеев, науқас: - Жүректегі ауру жоспарлы тексеріс барысында анықталды. Мамандар кардиологтың қабылдауына бару керек деді. Еш жерім ауырмағандықтан, дәрігерге қаралмадым. Кейін демікпе пайда болғанда ғана ауруханаға бардым. Операция жақсы өтті. Қазір серуендеуге де шамам бар. Думан Ержанұлы, Кардиохирургия бөлімшесінің ординаторы: – Кеуде каркасы дейді, ол төссүйегін зақымдамайды. Төссүйегін зақымдамай, шеткі бөліктен, қабырға аралықтан кішкентай тілік тілінеді, сол арқылы және видеомонитордың көмегімен жасалатын операция. Ең басты артықшылығы, науқасқа оңалту кезеңін қысқартуға мүмкіндік береді және де қимыл-қозғалысына шектеу жоқ.