Павлодарлық Оразалы Жетеновтің әр күні жоспарланған. Пауэрлифтингтен спорт шебері арнайы жаттығу залына бармаған кезде үйінде шынығады. Оған бапкерлер мен дәрігерлер ұзақ уақыт денені қимылсыз қалдыруға болмайтынын қатаң ескерткен. Оразалы 2004 жылы жол көлік апатына ұшырап, бел омыртқасын зақымдады. 30-ға енді толған оған білікті дәрігерлер операция жасағанымен нәтиже ойдағыдай болмады. Қоларбаға таңылды. Бірақ жігерін жасытпады. Апатқа дейін футбол ойнаған ол спортқа қайта келді. Аяғынан тік тұрып кетпесе де, еліміздің паралимпиадалық спортына өз үлесін қосқысы келеді. Оразалы ауыр атлетика, ату спортымен кәсіби түрде шұғылданады. Үстел теннисінен де жүлделері бар. Уақытын тиімді өткізуге деген талпынысы шахмат, дойбы, тоғызқұмалақты шебер меңгертті. Кейіпкеріміз жайлы толығырақ бүгінгі шығарылымда таныстырамыз.