Бір салада табан аудармай 40 жыл еңбек еткен білікті маман елімізде аз емес. Солардың бірі – бас қаладағы «Көпсалалы медицина орталығының» директоры Мұхтар Төлеутаев. Ұлық мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында ақ халатты абзал жан Еңбек ері атанды. Онколог-дәрігер Мұхтар Есенжанұлы 40 жыл бойы адам жанының арашасысы болып қызмет етіп келеді. Ол еңбек жолын Семей қаласының балаларға арналған клиникалық ауруханасында хирургия бөлімінің мейіргер болып бастады. Мұхтар медицина саласына кездейсоқ келмеген. Әкесі мен нағашы ағасы онкологиядан ерте дүние салған. Бала кезінде дерттің алдын алу жолдарын зерттеп, науқастарға көмектесуді көздеген. Осылайша, өресі биік маманға айналды. Мұхтар Төлеутаев, қалалық «Көпсалалы медицина орталығы» МКК директоры: – 1992 жылы Семей қалалық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары болған кезде балалар қан ауруының бөлімшесін аштым. 25 төсек орны ғана болды. Сол кезде Германиядағы әріптестермен келісіп бізде емделген балаларды реабилитация сатысында сол жаққа жіберіп отырдық. Екі-үш жылдың ішінде қан ауруы, ақ қан ауруы, бүйректің обырымен ота жасалған балалар сол жаққа барып, көмек алды. Онкология саласын таңдаған адам үшін әр секунд маңызды. Себебі, қас қағым сәтте адам өмірі күрт өзгеруі мүмкін. Кейде операция барысында жедел шешім қабылдауға тура келеді. Сол кезде қобалжуға жол бермеген абзал, – дейді ол. Мұхтар Төлеутаев, қалалық «Көпсалалы медицина орталығы» МКК директоры: – Ісік операция жасар алдында белгісіз болады. Қатерлі ме, қатерлі емес ісік пе деген сияқты. Ота жасалғаннан кейін алынып тасталынған ісік зерттеуден өтеді. Зерттеу нәтижесі теріс болғанда, сырқат адамнан кем қуанбаймыз. Майталман маманның отандық медицина саласына сіңірген еңбегі зор. Десе де, науқастың құлан таза айығып кетуі ең үлкен бақыт, – дейді. Мұхтар Төлеутаев, қалалық «Көпсалалы медицина орталығы» МКК директоры: – Науқастың өзінің, оның туыстарының қуанышы – біз үшін ең үлкен марапат. Кез келген медицина қызметкерлері, дәрігерлері үшін ең үлкен сыйлық – аурудың жазылып шығуы. Мейлінше оларға көмектесе алсаң – ең қуаныштысы сол. Аманжол Шинкин, қала тұрғыны: – Қандай уақытта айтсаң да, барлығын түсіндіреді. Операциядан кейін 4-5 күн болды. Қазір жағдайым жақсы, толық орныма келдім деп айта аламын. Жалпы коллектив жақсы қарайды, кішіпейіл, мейірімді. Әрине, ақ халатты абзал жан үшін ең үлкен құрмет – халық алғысы. Наргиз Бекмағанбетова, Абылай Құттықбай