Петропавлда 2017 жылдан бері 1800-ге жуық ескі үй сүрілді. Биыл сәтін салса тағы 300-і бұзылады деген жоспар бар. Олар «Копай» және «Жас өркен» шағын аудандарында орналасқан. Басым бөлігінің әбден тозығы жеткен. Бұл жер үйлер қала келбетінің көркін қашырып тұр. Сәтін салса, еңкіш тартқан ескі нысандардың орнын биік көпқабатты үйлер басады. Қаланың бас жоспарына сәйкес биыл 77 мың шаршы метр бюджеттік, 93 мың шаршы метр коммерциялық және 130 мың шаршы метр жеке тұрғын үй бой көтермекші. Мұнымен қоса халыққа жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге үш мыңнан астам жер учаскесі беріледі. Бүгінде олар тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы: - Мемлекеттік мүлік заңына сәйкес, жаңағы сүрілетін үйлердің иелері өздері таңдайтын болады немесе баспана алады. Яғни квадратурасына байланысты. Не болмаса, егерде баспана алғылары келмесе, ақшалай ала алады. Өздерінің еріктеріне байланысты.