Туризм саласында жұмыс істейтін отандық кәсіпкерлер биылдан бастап мемлекеттік қолдауға ие болады. Субсидия нысандардың құрылысына ғана емес, сондай-ақ абаттандырылған дәретханаларды күтіп ұстауға да қарастырылған. «Шығындарды өтеуге өтінімдер бірінші наурызға дейін берілуі керек»,–дейді жауапты мамандар. Имантау-Шалқар курорттық аймағында биыл жалпы сомасы екі миллиард теңгенің 15 жобасы жүзеге асады. Нәтижесінде жыл бойы жұмыс істейтін демалыс орындарының саны екі есе артады. Қазір олардың саны 6-ға жетті. Билік аталған демеуқаржы тығырықтан шығуға мүмкіндік береді-дейді. Данияр Исаев, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары: – Бұл қаржы туристік объектілерді салуға және қайта жаңғыртуға кеткен шығындардың бір бөлігін өтейді. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерге сараптама қорытындысы көрсеткен соманың 10 проценті көлемінде субсидия беріледі. Егер туристік мақсатқа көлік алсаңыз – 25, ал жол бойындағы сервистік объектілерді салуға – 10 процент көлемінде демеуқаржы беріледі. Мұнымен қоса санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83 300 теңгеден беріледі.