389,65 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


#24KZ сауалнамасы: Баланы мектепке дайындау қанша тұрады?

  • 7718
  • UPD: 18:16, 21.08.2015
#24KZ сауалнамасы: Баланы мектепке дайындау қанша тұрады? сурет: Асхат Нұрекин

Жаз болса аяқталып, күз қыр астында. Сонымен қатар жаңа оқу жылы да таяп қалды.

Балалар мен ата-аналары оқуға қажетті құралдар мен киім-кешектерін сатып алуда. Қазақстандық нарықта бір баланы оқу жылына толықтай дайындау үшін қанша қаржы керек? Ата-аналардың бірыңғай мектеп формасына деген көзқарасы қандай? Бұл сұрақтарға астаналықтар мен қала қонақтары жауап берді. 

Баян: Біздің отбасымыз мектепке дайындықты бастап кетті. Баламды мектепке дайындау үшін кем дегенде 30-35 мың теңге кетеді. Қажет киімдер мен оқу құралдарды Алматы базарларынан аламыз. Мектебіміздің бірыңғай формасын алу үшін 20 мың теңге кетірдік. Жалпы бірыңғай формаға қарсылығым жоқ, себебі көзге әдемі көрінеді.

Марат: Мектепке баратын жалғыз балам бар. Оны оқуға дайындау үшін тек дәптер-сөмкесі мен киіміне 30 мың теңге жұмсадық. Егер мектептерінде оқулық жетіспей қалса, оны да өзіміз сатып алу керекпіз. Баламызға мектеп формасын тіктіруге 15 мың теңге төледік. Сонда баланы оқу жылына толық дайындау үшін кем дегенде 45-50 мың теңге керек. 

Марфуза: Менің үш балам бар, бірақ олар оқу бітіріп кеткен. Кезінде 10-15 мыңға оқушыға керек нәрселердің бәрін алуға болушы еді. Ал қазір бауырым балаларын киіндіру үшін 35-40 мың жұмсайды. Ал мектеп формасына келсек, ата-аналар барынша тырысады ғой. Жалпы оқушыларды бірдей киіндірген дұрыс, себебі жоғарғы сынып оқушыларын ұстаздармен шатастырған жағдайлар да болған.

Алтын: Үйімізде мектепке баратын бір баламыз бар. Жалпы оны мектепке дайындау үшін кем дегенде 100 мың теңге кетеді. Оның ішінде 15 мыңға аяқ киімі, 25 мыңға костюмі, 7-8 мыңға жейдесі және тағы басқалары бар. Оқулықтардың көбін өзіміз сатып аламыз, мектепте көбінесе тозған кітаптар беріледі. Мектеп формасына келсек, форманың бірдей болғанына қарсымын. Әрқайсысы жағдайына қарап киінгені дұрыс. Бастысы ұзындығы қысқа болмау керек.

Ержан: Мектеп жасындағы 2 балам бар. Мектеп формасы, спорт киімі, оқулықтары мен оқу құралдары бар, осының барлығына былтырғы бағамен санағанда кем дегенде 40 мыңдай кетті. Балаларым жұрт қатарынан қалмау үшін, өзіміз кимеген нәрсені кигізу үшін еңбектеніп жүрміз ғой. Мектебіміз көпбалалы отбасылардан шыққан, ата-анасы жұмыс істемейтін балаларға оқулықты толықтай береді.

Мақыш апа: Мектепте шөберелерім оқиды. Біреулері 2-сыныпқа, енді біреулері 5-сыныпқа барады. Мектеп болса жақындап қалды, дайындалып жатыр. Кеңес кезінде мектеп формасы барлығында бірдей болған. Кейін әртүрлі киіне бастады, қыз балалардың біреуі белдемше, біреуі көйлек, енді бірі шалбар киеді. Ол дұрыс емес. Мектеп оқушылары оқушы сияқты киіну керек.

Мирболат: Біз екі баламызды мектепке дайындаудамыз. Бір баланы оқу жылына дайындау үшін орта есеппен 50-60 мың теңге кетеді. Оқулықтармен мектеп қамтамасыз етеді, ал қосымша дәптерлерді өзіміз сатып аламыз. Оқушы формасын да мектеп береді. Ол да көмек. Егер тіктірсең, аз дегенде 20 мың кетеді. 

Бақыт: Үш балапаным мектепке дайын. Бір баланы оқуға толық дайындау үшін көп ақша кетеді. Балаға алатын мектеп формасы, спорт киімі, оқу заттары бар. Формаға келсек, менің пікірімше, неге еліміз бойынша бірыңғай мектеп формасын енгізбеске? Мысалы, Оралдан Астанаға көшіп келсек, үш баламның формасын қайтадан тіктіртуім керек. Бұл өте тиімсіз. Назарбаев зияткерлік мектебі және басқа да лицейлерде ерекше формалар болсын, ал қарапайым мектептердің киімін ел бойынша бірдей қылу керек.

Нұрбол: Біз үш баламызды мектепке дайындап жатырмыз. Кішкентайымызды мектепке дайындау үшін 50-60 мың теңге кетті. Ал үлкен баламызды киіндіруге 70-80 мың жұмсадық. Мектебімізде бір үлгідегі форма бар. Оны қолдаймын. Себебі аса қымбат емес, барлығының қалтасы көтере алатын, дизайны әдемі киім.

Cауалнаманы жүргізген: Мақбал Даирова.

Суретке түсірген: Асхат Нұрекин. 

 
Хабар 24 телеарнасы