Маңғыстауда 29 браконьер ұсталды

Маңғыстау облысында браконьерлердің ауына түсіп қалған 139 бекіре тұқымдас балық Каспий теңізіне қайта жіберілді, деп хабарлайды 24kz

Шекара қызметінің жағалау күзеті әскерилері қырағылықтың арқасында өткен айда 29 браконьерді ұстап, табиғатқа келетін 200 млн теңгеге жуық шығынды болдырмады. Цифрлық технологиялардың көмегімен шекарашылар Каспий теңізінің қазақстандық акваториясындағы кез келген нысанды бақылап отырады. Егер олар байланысқа шықпаса, шекара кемелері мен катерлері дереу іске қосылады. Браконьерлер көбіне Форт-Шевченко, Баутино және Құрық ауылдарының маңындағы теңіз аумақтарында заңсыз балық аулаумен айналысады. Олардың басым бөлігі – жұмыссыз жергілікті тұрғындар. Бұл жолы заңсыз әрекеттері үшін ұсталғандарға 1 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

Дәурен Оразов, Маңғыстау облысы бойынша шекара қызметінің аға офицері:

- Біз шамамен 17400 метр заңсыз балық аулау торын және 420 метр ілмекті аулау құралдарын тәркіледік. Салмағы 500 келі болатын 139 бекіре тұқымдас балық тірі күйінде табиғи мекеніне жіберілді. Соңғы кездері балық аулаушылар заңды жолмен әрекет етуге тырысуда. Олар Қазақстан Республикасының аумақтық суларына шығуға рұқсаттарын алып, әрекет етуде. Нәтижесінде,жыл сайын браконьерлер саны азайып келеді.