Интернет-алаяқтықпен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ ұсталды

Интернет-алаяқтықпен айналысқан трансұлттық қылмыстық топ Арменияда ұсталды.

Бұл туралы ішкі істер министрлігі хабарлады. Құзырлы орган ақпаратынша, арнайы операция кезінде Армения, Грузия, Иран, Сирия және Ливан азаматтарынан құралған қылмыстық топтың 41 мүшесі құрықталған.

Тергеп тексеру барысында 70-тен астам компьютерлік техника, 5 автокөлік, 30 мың АҚШ доллары, Ресей рубльдері, грузин лариі және қымбат бірнеше зат тәркіленген. Қазақстан мен Армения құқық қорғау органдары бірлесіп жедел іс-шаралар өткізді. Нәтижесінде Ереванда қылмыстың топтың екі call-орталығының әрекетіне тосқауыл қойылды.

Жандос Сүйінбай, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы:

- Қазақстан мен Еуропа елдерінің азаматтарына қатысты интернет-алаяқтық жасаған трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен мүшелері анықталды. Олар қазақстандықтарға қоңырау шалып, ірі инвестициялық компанияларға ақша салуды ұсынған. Тінту шаралары барысында 70-тен астам компьютерлік техника, шамамен бір килограмм алтын, 5 автокөлік, 30 мың АҚШ доллары, Ресей рубльдері, грузин лариі және криптовалюта әмияны тәркіленді.