Жамбыл облысында жер сілкінісінен 28 нысанға зақым келді

Жамбыл облысындағы жер сілкінісінен Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарында 28 нысанға зақым келген, деп хабарлайды 24KZ. Табиғи апат салдарынан Меркі аудандық орталық ауруханасының, балабақша мен мектеп  және мәдениет үйінің, бірнеше медициналық пункт пен тұрғын үйлердің қабырғаларында жарықтар пайда болған.

Өткен түні мұнда шамамен 5 балдық жер сілкінісі тіркелді. Дүмпу Тараз қаласының тұрғындарына да сезілген. Аймақ басшысының тапсырмасымен облыста жедел штаб құрылып, «Жедел желі» іске қосылды. Қазіргі уақытта халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы мәлімет тіркелмеген. Зақымдалған нысандардың шығын көлемін анықтау мақсатында түрлі ведомстволардың мамандарынан арнайы комиссия құрылды.

Қанатбек Мәдібек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

- Алматы қаласынан арнайы келген Ұлттық сейсмикалық орталықтың мамандарының қатысуымен және тиісті мамандардан құралған комиссияның қатысуымен талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ол жарықтардың неден пайда болғанын, қашан пайда болғанына қатысты тиісті қорытындылар беріледі және ол нысандардың әрі қарай жұмысқа пайдалануға қатысты шешімдер шығарылады. Талдау жұмыстары жалғасып жатыр. Меркі ауданы бойынша 55 адамнан құралған топ арнайы қызметтерден және Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша 65 адамнан құралатын топ жұмысты жалғастырып жатыр.