Ақтау қалалық сотының экс-төрағасы 9 жылға сотталды
Ақтау қалалық сотының экс-төрағасы Бауыржан Шайдуллин 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды 24kz.
Ал оның сыбайласы 8 жылға сотталды. Тергеу дерегінше, Шайдуллин сотталушының қылмыстық ісі бойынша оң шешім шығаруға уәде етіп, осы қызметіне 18 млн теңге пара сұраған. Кейін жәбірленушіден делдал арқылы 1 млн теңге алып жатқан кезде оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қызметкерлері ұстады. Мұнайлы аудандық соты бұл істі 4 ай уақыт қарап, бұрынғы судьядан мемлекет кірісіне 16 млн теңге өндіруге үкім шығарды. Сондай-ақ сотталушылардан қомақты қаржы талап еткен азаматтық талап-арыз қараусыз қалдырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Серік Наурызбаев, Мұнайлы аудандық сотының төрағасы:
- Шайдуллиннің қызметтік кабинетін тексеру кезінде 1 млн 111 мың теңге табылып, тәркіленді. Сотталушылардың кінәсі сараптамалардың қорытындысы, куәлардың және жәбірленушінің жауабымен дәлелденді. Екі сотталушы да өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.