Абай облысында шемішке қабығы сақталған аумақ өртеніп жатыр
Абай облысындағы Приречный ауылында шемішке қабығы сақталған аумақтан тағы да өрт шықты, деп хабарлайды 24kz.
Тілсіз жау өткен жұмада тұтанып сөндірілген. Бірақ бүгін қайта өршіді. Қызыл жалын жақын маңайдағы ауыл ішіне жайылған. Қазір тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, шемішке қабығы күн сәулесімен қызып, қайта тұтанған. Өрт екпінді желдің әсерінен қора-қопсыға, одан әрі бір үйдің шатырын шарпыған. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамынан 21 техника мен 62 адам жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар тікұшақ жұмылдырылды.
Данияр Әлимкин, ТЖД бастығының бірінші орынбасары:
- Бір үйдің шатырында 5 шаршы метр аумақ өртенді. Ол төтенше жағдайлар департаментінің күшімен сөндірілді. Желдің екпіні қатты. Секундына 25 метрге дейін жетеді. Бұл бізге біраз қиындық келтіріп тұр. Қалың түтіннен айнала да толық көрінбейді. Әзір қанша шаршы метр аумақ жанғанын және қанша шығын келгенін айта алмаймыз.