Жамбыл облысында бас дәрігердің орынбасары сотталды

Сот Тараз қалалық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің экономикалық және шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Шаушенова мен бас бухгалтер Достаеваға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды 24kz.

Олар «Қайрат Құрылыс-ҚК» аффилирленген кәсіпорнына жалған құжаттар арқылы заңсыз аударым жасап, 758 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Данияр Бегайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Сонымен қатар бас дәрігердің орынбасарына қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру айыбы да тағылды. Сот үкімімен Шаушенова 9 жылға, ал Достаева 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталғандар қаржылық қызметке байланысты лауазымдарды 10 жыл мерзімге атқару құқығынан айырылады. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ. Сонымен қатар Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.