Оралда тоқ соққан 9 жастағы бала көз жұмды
Оралда 9 жастағы бала тоқ соғып, қаза тапты, деп хабарлайды 24kz.
Қайғылы оқиға Исатай-Махамбет көшесі №82 үйдің жанында болған. Балалар ойнап жүргенде футбол добы қосалқы стансаның төбесіне тұрып қалады. 3-сынып оқитын Әнуар допты алмақ болып, кірпіш ғимарат төбесінен салбырап тұрған ағаштан тартып, жоғарыға өрмелеп шығады. Төмен түсерде байқамай жоғары кернеулі электр сымын ұстап, денесін күйік шалады. Дәрігерлер балақайдың өмірі үшін 27 сағат күрескенімен, нәтиже болмапты. Кеше кешкісін денесінің 95% күйік шалған бала жансақтау бөлімінде көз жұмды. Қазір аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Баланың ата-анасы қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген қалалық электр тораптары мекемесін кінәлайды.
Тұрсынгүл Бисекенова, баланың анасы:
- Қайда қарап отыр «Горсеть, қайда қарап отыр ЧС? Мынаның бәрін кеспей ме, мынаның бәрін алмай ма? Егер мына жерде ағаш жатпаса, мына жерде терек салбырап түспесе, менің балам мынаның үстіне мінбес еді. Міне алмас еді 9-дағы бала. Біреуі де келген жоқ алдыма, кешірім ешкім сұраған жоқ, көмек ешқандай ешкім берген жоқ.
Нұржан Қуанғали, БҚО Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Орал қаласындағы электр қосалқы станциясының төбесінде 2015 жылғы баланы тоқ ұру фактісі орын алды. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, барлық тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.