Астанада «Шапағат» базары отқа оранды
Елордада «Шапағат» коммуналдық базары отқа оранды, деп хабарлайды 24kz.
Алдын ала мәлімет бойынша жалын шарпыған аумақ шамамен 400 шаршы метрді құрайды. Сауда орнының 10-ға жуық бутигі өртенген. Адамдар мен жұмысшылар қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиға орнына дереу жеткен 70-тен астам өрт сөндіруші құтқару жұмыстарын жалғастыруда. Төтенше жағдайлар департаментінің 20 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Қазір өрт толығымен сөндірілді. Үйлесімді іс-қимылдың арқасында жалынның одан әрі таралуына жол берілмеді, зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі сараптама нәтижесінен соң белгілі болады.
Рамазан Мейірманов, Астана қаласы Сарыарқа ауданы ТЖБ бастығы:
- «Шапағат» коммуналдық базарының екінші қабатында өрт тұтанғаны туралы хабарлама бүгін сағат 10:03-те түсті. Оқиға орнына келген бойда жалынды ауыздықтауға кірістік. Өрттің себебі алдын ала болжам бойынша электр сымының қысқа тұйықталуы болуы мүмкін. Бірақ тиісті сараптама жасалып, соның қорытындысы бойынша өрттің нақты себебі анықталады.