Ақтөбедегі өзенде балық қырылды
Ақтөбеде балық қырылып жатыр.
Қаланы кесіп өтетін Елек өзенінде тұқы, мөңке, сазан мен ақтабан балығының өлі шабақтары қалқып жүр. Тұрғындар демалатын орындардағы жағалау да балыққа толы. «Тобыл-Торғай» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекторлары, су қоймасын тазартып, өлген балықты жинауға кірісті. Әзірге олардың нақты саны белгісіз. Мамандар су сынамасын алды. Балық қалдықтарымен қатар өзен суына да зертханалық талдау жасалады. Балықтың жаппай қырылуының себебі содан кейін белгілі болмақ.
Әділбек Сұлтанов, «Тобыл-Торғай» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:
- Судың қатты жіберілуінен, яғни қатты ағынмен, айтып тұрғанымдай секундына 25 мың куб су жіберіліп жатыр қазір, сондай жылдамдықпен, бөгеттің астында бетон құрылыс бар, соған соғылып содан дене жарақатын алуынан деп болжанып отыр. Балықты визуалды қарау кезінде сыртқы дене жарақаттары анықталды. Бірақ нақты қорытынды зертханалық зерттеулердің қорытындысын алғаннан кейін белгілі болады.