ШҚО-да Бұқтырма су қоймасынан екі бала құтқарылды
Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасында екі бала құтқарылды, деп хабарлады ТЖМ.
Оқиға барысында SUP-бордпен сырғанаған балаларды қатты жел мен ағыс алыстатып әкеткен.
Балалардың ата-аналары бірден құтқарушыларға хабарласқан. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері оқиға орнына дереу жетті.
Құтқарушылар балаларды аман-есен жағаға алып шықты. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Тексерістен кейін балалар ата-аналарына тапсырылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға мынадай ескертулерді сақтау қажеттігін еске салады:
- Балаларды су жағасында қараусыз қалдырмаңыз;
- Қайықпен, катамаранмен және SUP-бордпен сырғанағанда құтқару кеудешелерін қолданыңыз;
- Ауа райы жағдайын және желдің екпінін қадағалаңыз.