Алматыда жерасты газ құбыры жарылды
Алматыда Бұқар жырау мен Байзақов көшесінің қиылысында жерасты газ құбыры жарылып, сол маңнан өтіп бара жатқан көліктің жүргізушісі мен жолаушысы жарақат алды, деп хабарлайды 24KZ. Аталған аумақта мердігер ұйым жаңадан салынған газ құбырының беріктігін тексеру үшін жоғары қысыммен сынау жұмыстарын жүргізіп жатқан. Құбыр шыдас бермей жарылған. Ауа қысымының қатты болғаны соншалық, көлік аударылып, асфальт қопарылып, тал құлаған.
Жарылыс болған аумақ қоршауға алынып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жарақат алғандар Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, олардың жағдайы тұрақты, амбулаториялық ем тағайындалды.
Екатерина Железина, қала тұрғыны:
- Мердігерлер газ құбырын ауыстыру кезінде жауын-шашынға арналған арықты, жылу жүйесін бұзып өтті. Енді мына жарылыстан соң тіпті қорқып отырмыз. Газ беруді тоқтатпады, бірақ өз қауіпсіздігіміз үшін крандарды жауып тастадық.
Айбек Қасымов, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы өндірістік филиалының өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы:
- Бұл құбыр пайдалануға берілмеген және газ жүйесіне қосылмаған. Сондықтан тұтынушылардың газы өшірілген жоқ. Әдетте талап бойынша жаңа салынған газ құбырының бүтін екеніне көз жеткізіп, беріктігін тексереміз. Ауа үрлеу арқылы сынақтан өткізеді. Жоғары қысымның салдарынан ауа қоспасы сыртқа шыққан.