Жамбыл облысында қараусыз ғимарат қауіп төндіріп тұр

Жамбыл облысында ауыл тұрғындары 45 жыл бойы қараусыз қалған ғимаратты қайта қалыпқа келтіруді сұрап отыр.

Кейінгі кезде қоршауы жоқ қауіпті аумақта ауыл балалары ойнайтынды шығарған. 

Көрген кісіге үрей тудыратын үңірейген мына ғимарат Байзақ ауданындағы Көктал ауылының дәл ортасында орналасқан. Ауылдықтардың айтуынша, нысан 1980 жылы мектеп ретінде салына бастаған. «Бірақ белгісіз себеппен құрылысы тоқтап, кейін тоқырау жылдарында қаңырап қалған. Содан бері күндіз қаңғыған ит паналаса, кешқұрым маскүнемдердің ордасына айналады», - дейді тұрғындар. 

Тұрғымбек Әбітбек, Көктал ауылының тұрғыны:

-Балалар жоғары жағында асыр салып ойнайды. Талай көрдік. Ал енді абайсызда құлап кетуі де мүмкін. Соның өзі мынау ата-аналарға үрей тудырады. Қанша қой-қойлағанымен бала ғой, ішіне асыр салып ойнайды. Кешке жаңағыдай ішетін орынға айналып кетеді. Сондықтан ертерек бір жағына шығарса екен. 

Мерей Бает, тілші:

-Қараусыз ғимараттың қоршауы жоқ болғандықтан, кез келген тұрғын кіріп, қоқыс тастап кетеді екен. Салдарынан іші тұрмыстық қалдыққа толған. Мұнда жануардың өлексесі де кездеседі. Тұрғындар содан ауру тарай ма деп қорқады. 

Аяқталмаған мектеп 2 гектарға жуық жерде орналасқан. Сондықтан ауыл қариялары бос жатқан жерге ардагерлерге арналған саябақ салуды сұрап отыр. 

Темірлан Божбанов, Көктал ауылының тұрғыны:

-Мына ғимарат босқа тұрғанша қарттарға жақсы бір орын соғып берсе екен, мысалы орталық қарттарға рахат болар еді. Қазір баратын жер жоқ. Жақсы бір ғимарат соғып берсе, содан артық ештеңе керек жоқ. 

Ал жергілікті билік өкілдері 2021 жылы нысанның иесіз екенін анықтаған. Сөйтіп сот арқылы әкімдік теңгеріміне алды. Ал 2023 жылы ғимаратқа сараптама жүргізіп, қайта жаңғыртуға жарамды деп таныған. Енді мұнда халыққа қажетті нысан салуды жоспарлап отыр. 

Серік Қайпулдаев, Көктал ауылының әкімі:

-Біздің ауылдың ұсынысы бойынша осы ауылға жатақхана ретінде соғып беруді сұранған. Қазіргі таңда қарастыру жұмыстары үстінде. Мектептің аумағы 1,2 гектар қасындағы бос жатқан жер 60 соток жерді құрылыс бөліміне беріп отырмыз. Ауылымызға спорт кешенін салып беруді сұранып отырмыз. 

Көктал ауылында 3800 тұрғын бар. Сондықтан елді мекенге спорт кешені керек-ақ. Ал қарашаның құтын қашырған нысан жатақханаға айналса, үй кезегінде тұрғандар қоныс тойын тойлар еді. Енді тек басталған жұмыс аяғына дейін жетсе игі. 

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә