Биыл Астанада 52 бала терезеден құлап, 13-і көз жұмды
Жыл басынан бері Астанада 52 бала терезеден құлап кеткен, деп хабарлайды 24kz.
Оның 13-і көз жұмды. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін пәтерлерді аралап, ата-аналарға қауіпсіздік қағидаларын түсіндіріп жүр. Сонымен қатар демеушілер есебінен терезелерге қорғаныс жабдығы тегін орнатылды.
Астанада 9-қабаттан құлап кеткен 6 жасар бала аман қалды. Куәгерлердің айтуынша, жеткіншек кіреберістегі күнқағардың үстіне түскен.
Ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілді. Дәрігерлер жедел медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалды. Бірнеше күннен кейін бала үйіне шығарылған. Амбулаториялық ем-домын жалғастырады. Алдын ала мәлімет бойынша оқиға болған күні жеткіншек үйде жалғыз қалған.
Нұрсұлтан Құрбанбеков, қалалық №2 көпбейінді балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
- Бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, кеуде қуыс ағзаларының соққысы және қабырғаларының сынуы, ішкі ағзалардың, бауырдың соққысы, сонымен қатар жамбас сүйегінің сынуы байқалған.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Қайғылы жағдайлардың көбіне балалардың қараусыз қалуы және терезелерге қорғаныш жабдықтарының орнатылмауы себеп болып жатыр. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қарапайым ережелерді сақтауға кеңес береді.
Мамандар мен волонтерлер демалыс күнін игі акцияға арнап отыр. Таңмен таласа қаз-қатар сап түзеп, кейін тиісті учаскелер бойынша жан-жаққа бағыт алды. Оларға 600-ден астам отбасының мекенжайы берілген.
Қанат Алтынбеков, қалалық ТЖД бастығының орынбасары:
- Акциямыз шеңберінде әлеуметтік осал топтарына жататын жанұялардың терезелеріне арнайы торлар орнату бойынша жұмыстар ұйымдастырылады. Осы аталған акцияға қалалық волонтерлер ұйымы, сонымен қатар полиция департаментінің қызметкерлері, ЖАО қызметкерлері қатысып отыр.
Тізімдегі мекенжайлардың көбінде терезеге арналған қорғаныс жабдықтары болмады. Отбасылардың дені пәтерді жалға алушылар.
Гүлдәри Абушай, қала тұрғыны:
- Бұл өте жақсы деп ойлаймын. Негізі біз өзіміз де орнатып алсақ болады ғой, бірақ біз квартирантпыз. Әр жерде болғандықтан бәріне орната бере алмаймыз ғой, үлкен қаражат керек. Тұрақсыз болғандықтан орнатпадық.
Блокираторлар жеке компания есебінен бөлінген. Акция аясында «Асар Астана» қоғамдық ұйымының волонтерлері ерекше белсенділік танытып отыр.
Жансая Тәңірқұл, волонтёр:
- «Асар» іздестіру жасағы J.B.J компаниясымен бірлесе отырып, мыңға жуық блокираторларды қолданып, төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге астаналық тұрғын үйлерге орнаттық. Бұл жұмыс балалардың қауіпсіздігіне көмегін тигізеді.
Жыл басынан бері елорданың өзінде 52 бала терезеден құлап кеткен. Оның 13-і көз жұмса, қалғаны түрлі дене жарақатымен ауруханада ем алды. Мамандар жазатайым жағдайларды болдырмаудың бірден бір жолы балаларды қараусыз қалдырмау екенін еске салады.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Абдулхамит Бөлекбаев