Шымкентте мұнай ұрлағандар ұсталды
Шымкентте мұнай ұрлағандар қолға түсті.
Ұйымдасқан топ жанар-жағармайды мұнай өңдеу зауытынан заңсыз шығарумен айналысқан. Бұл жайында Ішкі істер министрлігі хабарлады. Ұрланған отын бірнеше базаның аумағында сақталып, сатылып келген. Көлеңкелі айналымдағы қаражат көлемі 1 миллиард теңгеден асады. Тінту кезінде 17 тоннадан астам жанар-жағармай, бірнеше автокөлік цистернасы, өзге де заттай айғақ тәркіленді.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:
- Барлық күдікті ұсталып, аса ірі көлемде ұрлық фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс аясында Шымкент мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерінің қылмысқа, оның ішінде контрабандаға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Жұмыс жалғасады.