Астана тұрғыны 2 мың доллар үшін үй өртемек болған

Фото: depositphotos.com

Астанада  Instagram әлеуметтік желісі арқылы қосымша табыс үшін қылмыс жасауға келіскен қала тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «24KZ»

Тергеу дерегінше, ол  2000 АҚШ доллары көлеміндегі сыйақы үшін үйге өрт қоймақ болған.  Аталған тұлға үй ішінде адамдардың болғанына қарамастан, өз әрекеттерінің ықтимал салдарын түсіне отырып, алдын ала дайындалған жанғыш құрылғыларды тұрғын үйге қарай лақтырған. Осы арқылы азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.  Қылмыс толық аяқталмаған, себебі ол сыртқы жағдайларға байланысты соңына дейін жеткізілмеген.

Сот айыпталушыны бөтеннің мүлкін жоюға оқталу бойынша кінәлі деп танып, бұрынғы соттылығын ескере отырып, түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Қала прокуратурасы әлеуметтік желілер арқылы ұсынылатын күмәнді табыс көздеріне сенбеуге шақырып, мұндай әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.