Қарағанды облысында пойыз теміржолшыны қағып кетті

Фото: depositphotos.com

Қарағанды облысында теміржол қызметкерінің өліміне әкелген  қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды «24KZ». 

 Оқиға 2 мамырдан 3 мамырға қараған түні болған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, сағатына шамамен 60 шақырым жылдамдықпен келе жатқан электровоз теміржол монтерін қағып кеткен. Машинист шұғыл тежегішті іске қосқанымен, соқтығыстың алдын алу мүмкін болмаған.

Апат салдарынан 1977 жылы туған, 4-разрядты жол монтері оқиға орнында көз жұмды. Белгілі болғандай, ол сол сәтте теміржол бойындағы құрал-жабдықтарды күзетіп жүрген. Марқұмның осы салада 28 жылдан астам еңбек өтілі болған.

Қаза тапқан азаматтың отбасылы екені, үш бала тәрбиелеп отырғаны хабарланды. Балаларының екеуі кәмелетке толмаған, сондай-ақ бір баласының мүгедектігі бар екені айтылады.

Оқиғадан кейін пойыз шамамен таңғы сағат 04:30-да екінші негізгі жолға шығарылған. Апат салдарынан бірнеше пойыздың қозғалысы кідіріп, кешігулер бірнеше минуттан бір жарым сағатқа дейін созылған.

Аталған деректі Көліктегі полиция департаменті растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 3 мамыр күні Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы көліктегі полиция басқармасы «Теміржол көлігі қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соғу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.