Талғар ауданында жас жігіт кісі қолынан қаза тапты
Алматы облысының Талғар ауданында жанжалдан кейін, Нұра ауылының 24 жастағы тұрғыны қаза тапты, деп хабарлайды «24KZ».
Полицияның мәліметінше, ер адам 11 мамырда ауруханада пышақ жарақатынан көз жұмды. Оқиға түнде марқұм ағасымен бірге зираттан келе жатқан кезде болған.
Алматы облысының ПД хабарлағандай, ер адамдардың жолын белгісіз көлік бөгеген. Арада жанжал туындап, көліктен шыққан үш адамның бірі жас жігіттің өкпе тұсына пышақ салған.
Оқиға туралы хабарлама келгеннен кейін полиция жолға тосқауыл қойып, қосымша күш жіберген.
Күдікті үш адам ұсталды. Олардың барлығы қайтыс болған жігіттің ауылдастары.
«Кісі өлтіру» және «бұзақылық» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер тергеу изоляторына қамалды.